«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дереу қайта қаралуы керек – Дариға Назарбаева
Сенат спикері әкімдердің де формализмге ұрынғанын айтты

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева елдегі төтенше жағдай кезінде әшкере болған цифровизация жұмыстарының кемшіліктерін атады.
«Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электрондық қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблемалардың бар екені белгілі болды. Бұл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы дағдарыс кезінде беті ашылған проблемаларды ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін білдіреді. Депутаттар еліміздің басқару жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүдделі емес екені жайлы, статистиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын», - деді ол бүгін Сенат отырысында.
Спикер енді бұдан әрі күтпей, цифрландыру бағытында жылдам әрекет ету керек екенін ескертті. Сонымен бірге, ол көптеген тапсырмаларды әкімдер бюрократияға салып, тиісті деңгейдей орындамай жүргенін айтты.
«Өкінішке қарай, көбінесе тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақтарды туындатып жататынын бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Әсіресе, артық бюрократиялық формализмге, жөнсіздікке жол беріліп жатады. Мұның бәріне тиісті баға берілетініне сенімдімін», - деді ол бұған қатысты.
Еске салсақ, соңғы күндері елдегі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмекті үйлестіруде проблема туып, eGov электронды үкімет жүйесі істен шығып қала берді. Азаматтар жәрдемақыға өтініш бере алмай, шағымданды. Бірнеше күннен кейін telegram-боттар іске қосылды. Елде төтенше жағдай кезінде азаматтар қашықтан есепшот аша алмай банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде жаппай кезекке тұрған болатын.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан