Мұндай мүмкіндік заңды тұлғалар үшін де қарастырылған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов электронды цифрлық қолтаңбаны қашықтан ала беруге болатынын айтты.
«Соңғы жағдайға байланысты электронды цифрлық қолтаңбаны Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ алуға бола ма деген сұрақтар туындады. Біз бұл мәселені шештік. ЭЦҚ-ны электрондық түрде тұлғаны биометриялық сәйкестендіру және бір реттік пароль арқылы алуға болады. Бұл механизм іске қосылды және бүгінде 85 461 жеке тұлға қашықтан ЭЦҚ алып үлгерді», - деді ол.
Сондай-ақ вице-министр заңды тұлғалар үшін электронды цифрлық қолтаңбаны алудың механизмі жасалғанын айтып, жолын түсіндірді.
«1337 заңды тұлға ЭЦҚ-ны қашықтан алды. ЭЦҚ-ны компьютерден алғанда оның жарамдылығы бір жылды құрайды. Егер сіз жеке куәлігіңізді жазсаңыз, онда үш жылға дейін жарамды. Біз база бойынша қарап шықтық. Қазіргі уақытта 10 млн-ға жуық адамда ЭЦҚ бар екенін көріп отырмыз», - деді Абылайхан Оспанов.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан