Ол битум тапшылығы жайлы да айтты
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов әлемдік тәжірибе күре жолдарды дамыту ел экономикасының өсу динамикасына оң әсерін беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жол саласы жақсы дамыған Германия, АҚШ, Жапония, Қытай және басқа да мемлекеттер осының айқын мысалы болып табылады. Күре жолдардың кең таралған желісі ішкі және сыртқы сауданы дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналуы тиіс. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол үшін автомобиль жолдарының құрылысы, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету жобаларын іске асыруды жандандыру қажет. 2025-ші жылдың соңына дейін 3,6 мың км жолды күрделі жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Барлық қаржыландыру мәселелері шешілген. Содан кейін ұзындығы 4,7 мың км болатын жаңа жобаларды іске асыру басталады. Осылайша, 2030-шы жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәліздерін жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, басты мәселе – жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету.
«Жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отыр. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп. Тек биылғы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті. Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары Ұзынкөл станциясы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Биыл Ақтөбе облысының Жұрын станциясы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі», - деді ол.
Әлихан Смайылов әкімдіктердің жұмысын сынады.
«Әкімдіктер жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау жұмыстарын да дұрыс жүргізе алмай отыр. Кейбір өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапынан бақылаусыз жүргізеді. Ұзақ жылдар бойы жол саласында шешілмей келген проблеманың бірі – битум тапшылығы. Тапшылықты импорт есебінен жабуға мәжбүр болып отырмыз. Битум бойынша пайдалану технологиясы сақталмайды. Бұл да жолдардың сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, әкімдіктер құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жобаларына арналған жер учаскелерін беру уақытын созып жібереді. Осы факторлардың барлығы саланы дамытуға кедергі болуда. Сондықтан, жол құрылысына деген көзқарасты өзгерту қажет. Осыған байланысты мына мәселелерді атап өткім келеді. Бірінші. Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.
Смайыловтың айтуынша, Көлік министрлігі мен Қазавтожол компаниясы битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауы қажет.
«Сонадай-ақ, әкімдіктермен және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп, битумды сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін кеңейту жобаларына арналған жер учаскелерін беру тәртібін оңайлату мәселесін пысықтауы керек. Төртінші. Әкімдіктер Жол жобаларының ұлттық сапа орталығымен және техникалық қадағалаумен шарттарды уақытылы бекітуді қамтамасыз етуі тиіс. Бесінші. Әкімдіктер азаматтардан жол сапасына қатысты келіп түсетін шағымдар бойынша уақытылы шаралар қабылдауы қажет. Өңірлік трассалар – жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде. Жол жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды жөндеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», - деді ол.