Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бірқатар жаңа міндеттер белгіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз», — делінген сайлауалды бағдарламада.
Мемлекет басшысы атап өткендей, су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру керек. Сонымен қатар мемлекет ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобаны іске асыруда.
«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», — делінген құжатта.
Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде жүргізілген жұмыстар туралы Primeminister.kz сайтының кезекті материалынан оқыңыздар.
2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Бұл ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игерілді. Басқа өңірлерде жұмыс жалғасуда.
Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам суға арналған 11 су қоймасын салу қарастырылған.
Сонымен қатар республикадағы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданын 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту, қолданыстағы 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды есепке алу жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр.