Ұлттық қордан қосымша 2 трлн теңге алынатын болды

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл бюджет түсімі жоспардағыдан 1,7 трлн теңгеге аз болады

Фото: ашық дереккөзден

2020-2022 жылдары бюджет үшін Ұлттық қордан 4 трлн 770 млрд теңге алынатын болды. Осылайша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн 70 млрд теңгеге ұлғайтылады. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл шаралар бюджет кірістерінің тапшылығын жоюға, дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыруға қажет деп түсіндірді.

«Жалпы, республикалық бюджеттің шығыстарын бекітілген көлемге қарағанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 14,3 трлн теңге көлемінде болжанады. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 3,5% деңгейінде 841 млрд теңгеге ұлғайтыла отырып жоспарланады. Мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі жалпы ішкі өнімнің 10,8%-ын құрайтын болады», - деді министр.

Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы 6,4 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1,7 трлн теңгеге аз.

Бюджет түсімінің аз болуына елдегі төтенше жағдай әсерінен отандық бизнестің біраз салықтан босатылуы, мұнай бағасының арзандауы себеп болып отыр.

«Салықтық әкімшілендіру бөлігінде 2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді және әлеуметтік жарналарды төлеуді кейінге қалдыру енгізілді. Бұдан басқа, төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды», - деді министр.

Жалпы, жоғарыда көрсетілген шаралар 700 мың салық төлеушіні қамтымақ.

Үкімет министр Руслан Дәленов ұсынған «Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңына өзгеріс енгізу туралы» Президент жарлығының жобасын қолдады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан