«Birgemiz» қорына 13 млрд теңге түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Қорға түскен қаржының есебі жасалып, жұмсалған қаражаттың түбіртегіне дейін көрсетіледі

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Birgemiz» қорына жиналған қаржыдан кімдерге көмек көрсетілетінін айтты.

«Бүгінде қорға 13 млрд теңге түсті. Қаржы ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерде қор өкілдіктері ашылды. Сондай-ақ қордың ресми сайты да іске қосылды. Ол жерде келіп түскен қаражат пен шығындар жарияланады. Тіпті, түбіртегіне дейін көрсетіледі. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж жандардың тізімі жасалуда. Олар жақын уақытта қордан көмек алады», - деді министр.

Сондай-ақ бюджеттен коронавирусқа қарсы күреске қанша қаржы бөлінгенін айтты.

«Коронавирусқа қарсы күреске Үкімет резервінен үш рет ақша бөлінді. Бірінші рет 29 қаңтарда 1 млрд 609 млн теңге қарастырылды. Екінші рет 21 ақпанда қосымша 428 миллион 227 мың  теңге, үшінші рет 25 наурызда қосымша 21 млрд 430 миллион теңге берілді», - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, бұл қаржыға дәрі-дәрмек, медициналық киім-кешек (маска, медициналық қолғап - авт.), зертханалық  құрылғылар мен тест жүйесі сатып алынды. Сондай-ақ алдыңғы шепте жүрген қызметкерлерге эпикировкалар мен дезинфекция шараларына қажетті құралдар алуға жұмсалған.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан