Министр шалғайдағы ауылдарда мессенджерлер арқылы оқытуға рұқсат барын айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов компьютер, интернет пайдалану мүмкіндігі төмен елді мекендердегі оқушыларға мессенджерлер арқылы сабақ оқуға рұқсат берілгенін хабарлады.
«Ауылдық жерлерде мессенджерлер арқылы оқытуға рұқсат бар. Оны өзіміздің нұсқаулықта жазып қойдық. Қазір, әсіресе, Whatsapp немесе басқа да мессенджерлер ұстайтын шалғайдағы елді мекендерде осы жүйе бойынша жұмыс атқаруға тура келеді. Сондықтан техникалық мүмкіндік бар жерлер үшін интернет платформаларымыз бар. Олардың тікелей эфир сияқты басқа да цифрлық ақпаратты беру мүмкіндігі өте жоғары. Соны пайдаланған жөн», - деді ол онлайн-брифингте.
Министр мұғалімдерге онлайн сабақ өткізгенімен, оны видеожазба ретінде әзірлеуге міндетті емес екенін ескертті.
«Ешкім мұғалімді видеожазба дайында деп мәжбүрлемеуі тиіс, оған құқығы да жоқ. Дегенмен, ол ұстаздың әдістемелік тәжірибесі үшін маңызды. Себебі, біз аттестация кезінде олардан видеосабақ сұратамыз. Өйткені, комиссия барып, әрқайсының сыныбын тексере алмайды. Сондықтан видео түсіруден ешкім ұтылмайды дер едім», - деді бұл жайында А. Аймағамбетов.
Еске салсақ, соңғы күндері мессенджерлерде ата-аналардың онлайн сабақ оқытатын платформаға үйрене алмай, шағымданған аудиожазбалары тарап кеткен еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан