Мүмкіндігі жоқ оқушыларға уақытша мектеп балансындағы компьютерлер беріледі
Қазақстанда 6 сәуірде басталатын оқу жылының төртінші тоқсанын балалар үйінде отырып оқиды. Білім және ғылым министрі видеосабақтарды «Балапан», «Еларна» телеарналарынан қалай көретінін, оған дайындық қалай жүріп жатқандығы туралы баяндады. Министрдің айтуынша, жұмыс қазір 4 бағыт бойынша жүріп жатыр.
«Бірінші бағыты – теледидар арқылы сабақ беру. Екі республикалық телеарна келісімін беріп, жұмысты бастап кеттік. «Еларна» және «Балапан» арқылы күн сайын тиісті сабақтарды графикпен беріп отырамыз. Күніне 8 сағат. Жалпы санасақ, төртінші тоқсанды қамту үшін бізге 3360 сабақ түсіру керек. Қазір 300-ден астамын түсіріп, дайындап қойдық. Бұл – күрделі мәселе», - деді А. Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, ұстаздарға қазір карантин уақытында телетүсірілімдерге қатысып, арналардың форматына үйрену оңай соғып жатқан жоқ.
«Әрине, ұстаздарымыз бұл жүйеге дайын болмаған. Тележүргізуші ретінде өздерін жаңа рөлде көріп, сабақ дайындап, оны 15 минутқа сыйғызып, балаға түсінікті тілде жеткізу, жалықтырмайтындай түсіндіру – үлкен емтихан. Сондықтан осы жұмысты бастап, түсірілімге қатысып жатқан ұстаздарға алғыс айтқым келеді», - келеді деді министр.
Ал екінші бағытқа келсек, телесигнал жетпейтін елдімекендердің оқушылары «Қазақ радиосының» эфирі арқылы аудиосабақ алады.
Министр үшінші бағыт ретінде «Қазпошта» арқылы тапсырма жеткізуді айтты.
«Бізде екі немесе үш бала оқитын ауылдар бар. Оларды біз бұрын мектептерге көлікпен әкеліп, әкетіп отырғанбыз. Енді сол балаларға сабақты почта арқылы жеткіземіз», - деді бұл жайында министр.
Төртінші бағыт – интернет платформалар арқылы оқыту.
«Бірнеше платформа бойынша цифрлық ресурстарды дайындадық. Бастысы – соны ұстаздарымыздың пайдалана білуі. Оған көңіл бөлудеміз. Бұл ретте әр білім ұйымы жұмыс істеп жатыр. Әрине, компьютер, интернет жетіспейді. Интернет кей қалаларда жетпейді. Кей үйлерде компьютер жоқ. Жергілікті органдар интернет қосу бойынша жұмыс істеуде», - деді министр.
Мүмкіндігі жоқ балаларға мектеп балансындағы компьютерлерді уақытша беріледі. Мысалы, Алматыда бүгінге дейін мүмкіндігі жоқ оқушыларға 10 мың компьютер таратылған. Қосымша 80 мың компьтер сатып алынады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан