«Кінәлілер жауапқа тартылады»: Әлихан Смайылов батыстағы апат жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтіріліп жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Үкімет отырсында Маңғыстау және Атырау облысында электр энергияның үзілуіне әкеп соққан төтенше жағдай қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Үкімет отырысын еліміздің батыс өңірінде болған төтенше жағдайдан бастаймыз. Кеше кешкісін Ақтау қаласындағы «Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында» бірінші энергоблок апаттық жағдайда тоқтап қалды. Соның кесірінен автоматты қорғау жүйесі іске қосылып, Маңғыстау және Атырау облыстары электр энергиясынан ажыратылды. Бірқатар кәсіпорынға,оның ішінде «Атырау мұнай өңдеу зауытына» электр қуаты берілмей қалды», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Қуаныш Бектеміров апатты жағдайға не себеп болғанын түсіндірді.

«Елдің батыс аймағындағы энергетикалық аймақ елдікінен дербес жұмыс істейді. KEGOC компаниясының батыста 1300 шақырым энергия желісі бар. Батыс Қазақстанның батысындағы электр станциясы ескірген, жоғары апаттылық жағдайында тұр. Биылғы жарты жылда апатты тоқтаулар саны 36-ға жетті. Апаттық жөндеу жұмыстары 6577 сағатқа созылды. Атырау ЖЭО-сы бойынша жұмыс істеу қуаты 178 мВт. 6 айда 35 апатты жағдай болды», - деді Бектеміров.

Ал Прьемер-Министр Ақтаудағы энергокомбинатта апатты жағдайдан автоматты қорғау жүйесі іске қосылғанын айтты.

«Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде. Бұл аймақтардың энергия жүйесі Батыс энергетикалық торабымен біріктірілген. Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіруде. Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді», - деді ол.

Смайылов атағандай, барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды.

«Жағдай бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды.

Кінәлілер жауапқа тартылады.

Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, мына мәселелерге назар аудару қажет», - деді ол.

Әоихан Смайылов бірқатар тапсырма берді:

  • Маңғыстау облысының әкімдігі энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауы тиіс.
  • Энергетика министрлігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі керек.
  • Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюы қажет.