Премьер-министр қайтыс болған орманшылардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Үкімет отырысы өрттен қаза тапқан марқұмдардың рухына тағзым етуден басталды

Сурет: akorda.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Абай облысындағы өрттің ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үкімет отырысының күн тәртібінен бөлек Абай облысындағы өрттің ахуалы айтылып, отырыста бір минут үнсіздік жарияланды.

«Абай облысында орын алған өрт бойынша жағдайды қараймыз. Алапат өрт шығып, бірқатар елді мекенге қауіп төндірді. Семейде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Өрт сөндіру шараларын бақылау үшін Мемлекет басшысы шетелдік сапарын тоқтатты. Өкінішке қарай, адамдар қаза тапты. Біз орман өртіне қарсы тұрған 14 адамнан айырылып қалдық. Үкімет тарапынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамыз. Бір минут үнсіздік арқылы марқұмдардың рухына тағзым етуді ұсынамын», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қаза болғандардың отбасыларына келесі қолдау шаралары көрсетіледі:  отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне (кәмелетке толмаған балаларға) республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;  отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы; қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету; БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған біржолғы төлем.  Сондай-ақ несиелерді есептен шығару үшін қайтыс болған адамдар мен олардың отбасыларының несиелік жүктемесі анықталады», - деді ол.