Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды
Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына бірқатар жаңа жобаны іске асыру жөніндегі шаралар енгізілді. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кешенді жоспар өзектендірілді. Нәтижесінде ол жаңадан 28 іс-шарамен толықтырылып, 99-ына түзету енгізілді. Мәселен, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жабындарды қаптау тақталарын, арматураларды, сүт және сүт өнімдерін, сондай-ақ өзге де органикалық химиялық заттарды өндіретін қосымша төрт зауыт салу жоспарланып отыр.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл халқына шағын несие беру көзделген. Сондай-ақ жыл сайын жылыжайлардың ауданын 2 га-ға ұлғайту және түйе шаруашылығын субсидиялау бойынша екі іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр», - делінген Үкімет басшысының баспасөз қызмеиі таратқан хабарламада.
Көлік және логистика саласында үш іс-шара, атап айтқанда «Ақтау – Форт-Шевченко» (43-132 км учаскесі) және «Таушық – Шетпе» (70 км) автомобиль жолдарын реконструкциялау, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар 385,2 км жолдарды күрделі және орташа жөндеу жұмыстары енгізілді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша тағы жеті іс-шара көзделген, оның ішінде жұмыс істеп тұрған көп салалы клиниканы кеңейту, Ақтауда дәрігерлік амбулатория, перзентхана және жедел жәрдем станциясын салу, облыстың медициналық ұйымдары үшін кадрлар даярлау және т.б. бар.
«Сумен жабдықтау және су тарту саласында үш жобаны іске асыру, яғни Басқұдық және Қызылтөбе ауылдық округтерінде су құбыры желісін, Атамекен және Қызылтөбе ауылдық округтерінде су сорғы станциясын салу, сондай-ақ қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарын күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар коммуналдық базар салу, көшені жарықпен жабдықтау желілерін жаңғырту және Ақтау қаласын көгалдандыру, Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылында өрт сөндіру депосын салу, облыстың елді мекендерін көшпелі құмнан қорғау, жергілікті жастарға қолдау көрсету және басқа да бірқатар іс-шара қосылды.
«Кешенді жоспарды өзектендіру нәтижесінде 2025 жылға қарай өңірдің ЖӨӨ-сі 36%-ға (3,6 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге дейін) ұлғаймақ, 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 100%-ға жетеді деп күтілуде. Бұдан басқа тұрғындар таза ауыз сумен қамтылып, оқушы орындары тапшылығы мәселесі шешіледі», - делінген хабарламада.