Қазақстанда коронавирус тіркелген жағдайда мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы қалай өзгеретіні белгілі болды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова Қазақстанда коронавирус тіркелген жағдайда мемлекеттік органдардың жұмыс кестесі қалай өзгеретіні жайлы пікір білдірді.
«Келген кезде көреміз. Жандарбек Бекшин мырза тек болжам айтты ғой. Болжамы орындала ма, орындалмай ма, білмейміз. Құдайға шүкір, әзірге бізде коронавирус тіркелген жоқ. Сондықтан әзірге жұмысқа қатысты ешқандай шектеу әзірлеп жатқан жоқпыз», - деді А. Жайылғанова.
Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстандағы барлық мемлекеттік қызметкерлердің шет елдерге жоспарлаған іссапарына уақытша шектеу қойылған.
«Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 наурызға жоспарланған концерттер болған жоқ. Себебі, халық бір жерге көп шоғырланбас үшін профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Уханьнан келгендер карантинге жабылды, мұндай шаралар жалғаса береді. Бұл тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, бәрімізге қатысты. Әзірге мемлекеттік қызметкерлердің барлық шетелдік іссапарлары тоқтап тұр», - агенттік басшысы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан