Іргелі ғылыми зерттеулерге қаржы бөлінеді – Әлихан Смайылов

Автор: Аягөз Құрмаш

Соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру екі есеге өскен

Фото: strategy2050.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов ғылымды дамыту туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қоғам мен мемлекеттің дамуында ғылымның алатын орны ерекше. Ғылыми жаңалықтардың арқасында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер ететін жаңа салалар мен технологиялар пайда болуда. Отандық ғылымның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Үкімет жүйелі шараларды қабылдап келеді. Республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру соңғы 2 жылда екі есеге жуық өсті», - деді ол Үкімет отырысында.

Премьер атағандай, жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеу базалық қаржыландыруға қосылған.

«Іргелі ғылыми зерттеулерге қаражат бөлінеді. Әзірленіп жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін гранттар мен стипендиялар бөлінеді, олардың ғылыми еңбектерін жариялау белсенділігі артып келеді. Соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді», - деді ол.

Смайылов атағандай, ғылымды дамыту тұжырымдамасы бүкіл ғылыми қоғамдастықпен бірге іске асырылады.

«Сонымен бірге, бүгінде қоғам ғылыми-технологиялық саладан нақты өзгерістерді, ғылыми жаңалықтардың нақты экономикада қолданылуын күтіп отыр. Сондықтан ғылыми зерттеулердің нәтижесін арттыру, оның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс қажет. Ғылыми жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландырудың тиімділігін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың белсенді алаңдары мен механизмдерін құруы қажет. Сондай-ақ ең перспективалы ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесін арттыру қажет», - деді ол.

Әлихан Смайылов бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салалар бар екенін айтты.

«Ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Парламентпен жеке инвестициялар үшін қосымша преференциялар енгізуді пысықтау жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл ғылым саласының заңнамалық базасын қайта қарауды талап етеді. Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу қажет», - деді ол.