Коронавирус: наурыздан бастап Кореяға қатынайтын рейстер үш есе азаяды

Автор: Azattyq Rýhy

Министрлік Корея республикасындағы азаматтарға көктемге дейін елге оралуға кеңес берді

Қазақстан үкіметі 1 наурыздан бастап коронавирус тараған елдерге әуе рейстерін уақытша азайтады. Бірақ толық шектеу қойылмайды. Бұл туралы бүгін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Коронавирус қаупі бойынша 1-ші санатқа кірген Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында аптасына 9 рейс қатынайды (Алматыдан - 7 рейс, Нұр-Сұлтаннан - 2 рейс). Енді осы жылдың 1 наурызынан бастап 3 рейске азаяды. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Корея республикасындағы азаматтарымызға көктемге дейін елге қайтуға кеңес берді.

Қазір Сыртқы істер және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері инфекция жылдам тарап жатқан Италия, Жапония, Иран елдеріне рейстерді қалай азайту жөнінде ақылдасып жатыр. Иранға аптасына ұшақ екі-ақ мәрте қатынайтындықтан, екі ел арасындағы әуе рейстерін тоқтатып тастауға мүмкіндік бар. Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Ирандағы қазақстандықтардың саны 170 қана екендігін және оларды 1 наурызға дейін қайтарып алуға болатынын айтты.

Ал, жоғарыда аталған мемлекеттерге билет алып қойған азаматтардың ақшасы қайтарылады. Бірақ, Тайланд, Гонконг сияқты демалыс аймақтарына жолдама алғандардың шығыны өтелмейді. 

26 ақпандағы ақпаратқа сәйкес, әлемде коронавирус жұқтырған жандардың саны 80 967-ге жетті. Оның 78 мыңы Қытайда. Қайтыс болғандар саны – 2763. Оңтүстік Кореяда - 1146, Италияда 322 адам вирус жұқтырған.

Қытайдан келген азаматтар 14 күнге карантинге жабылады. Оңтүстік Корея, Италия, Иран елдері мен Гонконг, Макао, Тайвань аймақтарынан оралғандар ауруханада емес, 14 күн үйінде оқшауланады. Үйінде оқшауланған азаматтарды дәрігерлер ұдайы тексеріп, бақылауда ұстайды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан