$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2020, 12:16
Үкімет

Судьялардың қолы байлаулы - Жоғарғы сот

Қазақстанда судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту жоспарланып отыр

Судьялардың қолы байлаулы - Жоғарғы сот
Фото: Алиакбар Қадырбаев

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжатты бірінші оқылымда Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов таныстырды. Ол судьялар жұмысы бойынша жоспарланған өзгерістер туралы баяндады.

«Заң жобасы үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру. Бұл түзетулер біздің азаматтарға не береді? Соттарға қарата «неге судья істі қарағанда оның ақ-қарасына терең үңілмейді», «неге тек ұсынылған дәлелдерді қанағаттандырып, шешім шығарады?» деген сын айтылады. Осыған себеп - қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің талабы. Кодекс бойынша судья ешбір жағдайда талап-арыз аясынан шықпауы тиіс, оны міндеттеп қойған. Тараптар нені талап етсе, тек сол мәселені қарап, тек сол мәселе бойынша ғана шешім қабылдауы керек. Өз бетінше басқа мән-жайларды анықтауға, өзге дәлелдерді сұратуға судьялардың еш құқығы жоқ», - деді М. Таймерденов.

Бұл ретте төраға Азаматтық процестік кодексте судьяның қолы байлаулы екенін жасырмады. Сондай-ақ мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Яғни, судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту керектігін айтты.

«Әділ шешім қабылдау үшін ол дауды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсініп, анықтауы қажет. Бұл дегеніміз, судья процестік жағынан еркін болуы қажет. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы тиіс. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе», - деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Бұдан бөлек, Жоғарғы сот азаматтық істерді қарауды түгелдей цифрландыру бастамасын көтерді. Алайда, депутаттар ауылды айтпағанда, аудандардың өзі электронды форматқа көшуге дайын емес деген уәж айтты. Мәселен, депутат Нұрлан Дулатбеков соттардың материалдық техникалық базасы әлсіз деп есептейді.

«Заманауи техника, технологиялар жоқ. Оның үстіне интернет барлық жерде жоқ, қолжетімді емес. Мысалы Қызылорда қаласында бұл проблема емес, ал Қармақшыда проблема. Сот ісін толығымен электрондық форматқа көшіру техникалық тұрғыдан қиындыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Салдарынан азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігі шектелуі мүмкін», - деді депутат.

Алайда, Мейрамбек Таймерденов қажетті техникаларды сатып алуға бюджеттен бөлінген қаржы жеткілікті екенін айтты.

«Сот процесін цифрландыруға 2020-2021 жылға 2,5 млрд теңге қарастырылды. Яғни, 2020 жылы 1 млрд 200 млн теңге бөлініп, электронды жүйені дамыту қолға алынды. Біздің жобамыз бойынша, бұл заң 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін қолданысқа берілетін болса, келер жылға дейін 1400 сот залының 700-ін (азаматтық істерді қарайтын сот залы) техникалық тұрғыда қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Екіншіден, осы істерді қарап отырған бірінші сатыдағы соттардың қолданыстағы қиыншылықтарын ескере отырып, оны заң жобасына кіргіздік», - деді төраға.

Ал, тиісті министрлік өкілі 2023 жылға дейін ауыл-аймақты түгелдей интернетпен қамтамасыз етеміз деп сендірді.

«Қазіргі уақытта біз елдімекендерді 88 пайыз интернетпен қамтамасыз еттік. Проблема жоқ. Бірақ, аудандарда интернеттің сапасы айтарлықтай емес. 2023 жылға дейін байланыстың сапасын жақсартуға тырысамыз», - деді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбеков.

Құжатты 1 жарым сағат талқылаған депутаттар Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары