Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге тіркелу кілтін беруді тоқтатты

Автор: Azattyq Rýhy

Енді  цифрлы қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жеке және заңды тұлғаларға электронды салық төлеуші ретінде тіркелу кілтін беру процедурасын тоқтатты,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Енді қазақстандықтар Ұлттық куәландырушы орталықтың электронды цифрлы қолтаңбасын «Электронды үкімет» порталынан немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алады. Ал бұған дейін берілген ҚР ҚМ МКК электронды салық төлеуші ретінде тіркелу кілті жарамсыз деп танылады»,-делінген баспасөз хабарламасында. 

ҚР Ұлттық куәландырушы орталығы жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға, ҚР резиденті емес тұлғаларға электронды цифрлы қолтаңба мен SSL техникалық сертификатын береді. Айта кетейік, электронды цифрлы қолтаңба барлық мемлекеттік қызметкерлерге табысы мен мүлкі декларациясын тапсыру үшін қажет. 

2020 жылдың 1 қаңтарына дейін 619. 295 заңды және жеке тұлғада мемлекеттік кірістер органдарының электронды салық төлеуші ретінде тіркелу кілті болған.