Өскеменде Қытайдың атом станциясына қажетті өнім шығаратын зауыт салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Өндіріс орны Үлбі металлургия зауытының базасында салынып жатқаны хабарланып отыр

Фото: ашық дерек көзінен

Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде белгілі болғандай, салынып жатқан зауыт Қытайдың  атом энергетика станциясына арналған жылу шығаратын құрылғы жасайды. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Ибраевтың айтуынша, алғашқы өнім 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында шығады.

«Бүгінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» қытайлық CGN компаниясымен бірлесе отырып, Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом энергетика станциясына арнап, жылу шығаратын құрылғы өндіретін зауыт құрылысын аяқтауға жақындады. Бұл жоба зауыттың өнімі жылына 200 тонна жылу шығаратын құрылғы сата алады деген кепілге ие. Алғашқы өнімді 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында сертификациялау жұмыстарының бәрі аяқталған соң, сатылады деген болжам бар. Жылу шығаратын құрылғы өндірісі үшін базалық технология ретінде францияның Framatome технологиясы таңдалды», - деп хабарлады Бауыржан Ибраев.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан