Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бензин биржаға 2021 жылы шығады деп күтіледі
Ведомствоның алқа мәжілісінде хабарланғандай, Энергетика министрлігі осы жылдың 1 шілдесіне дейін мазут пен әуе керосині, ал, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бензин мен дизель отынын биржада сатып, пайда таппақ.
«2020 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 386 мың тонна дизель отыны бөлінді. Еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыты модернизациядан өткеннен кейін терең өңделген қосымша құны жоғары өнім алуға мүмкіндік туып отыр және елімізге қажет жанар жағармайдың барлығын өзіміз қамтамасыз ете алатын жағдайға жеттік»,- дейді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Осылайша, 2019 жылы Қазақстан өз нарығын жанар-жағармаймен 100 пайыз қамтамасыз еткен. Артылған өнім көршілес елдерге экспортталғаны хабарланып отыр.
«2019 жылы 180 мың тонна бензин экспортталды. Нарықтағы қарым-қатынастарды, соның ішінде мұнай өнімдерінің ашық саудалануын қамтамасыз ету бағытында мұнай өнімдерін биржаға шығаруды ұйымдастыру жүріп жатыр. Биыл 1 шілдеге дейін мазут пен әуе керосинін биржаға шығарып, саудалау тәсілін ұйымдастыру бойынша жұмысы жасалып жатыр. Келесі жылдың 1 қаңтарында нарыққа шыққан бензин мен дизель отынының 10 пайызы биржаға шығады, осылайша, біз осы әдісті сынамадан өткіземіз», - деді Нұрлан Ноғаев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан