Қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1,5 жасқа дейін ұзартылады
Үкімет Заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарын мақұлдады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды қыры саналады. Осыған байланысты халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасын енгізу, балаларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту, мүгедектігі бар азаматтар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру қарастырылған Әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленді.
Сонымен қатар жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру, жастар үшін әлеуметтік лифтілер жүйесін құру, зейнетақы жүйесін жетілдіру және зейнетақы төлемдерін арттыру, жұмыспен қамту орталықтарын қайта форматтау және т. б. шаралар іске асырылады.
Премьер-министр Әлеуметтік кодекс азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін аса маңызды құжаттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшуі керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады. Жобаның пилоттық нұсқасы қыркүйектен бері бірқатар қызметтер (жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындау) бойынша жұмыс істеп тұр және қазірдің өзінде тиімділігін көрсетті.
«Әлеуметтік қолдау алу қажеттілігі Цифрлық карта шеңберінде ақпараттық жүйе арқылы айқындалады. Яғни, азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анықтайды және барлық рәсімдерді автоматты түрде жүргізеді», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекс жобасында мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлінген, соның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген және жұмыспен қамтудың барлық икемді түрлерін, оның ішінде «Платформалық» жұмыспен қамтуды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Әлеуметтік кодекс жобасында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және сертификаттау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Олар жастардың жұмысқа тұруына кедергі болатын артық талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Кодекс Парламенттің қарауында болғанмен, жекелеген әлеуметтік шаралар 2023 жылдан бастап іске асырылатынын айтты.
«Қаңтар айынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45%-на дейін ұлғаяды. Жалпы, Кодексте ұсынылған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін өзгертуге және осы салада болып жатқан өзгерістерден оң нәтиже алуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Әлеуметтік кодекс жобасына дауыс бергеннен кейін Премьер-министр оның ҚР Парламенті Мәжілісіне уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.