Қызыл аймақтағы ЖЭО жөндеуге 182 млрд теңге қаражат қажет - Энергетика министрі

Автор: Әсел Оршыбекова

Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80%-дан асады

Фото: ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссияның атқарған жұмысын баяндады.

Белгілі болғандай 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілді.

«Бірінші. Жабдықтың тозуы, оның орташа көрсеткіші 66% - ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80%-дан асады. Екінші. Технологиялық бұзушылықтар саны, талдауға сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларында авариялық ажыратулар 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға өскені анықталды. Үшінші. Пайдалану мерзімі. Жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл. Олардың шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істейді. Төртінші. Жалақының төмен деңгейіне байланысты кадрлардың жетіспеушілігі», - деді министр.

Бүгінде еліміздегі жылу электр орталығы өндірістік қызметкерлерінің орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құрады. Жалпы жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша бөлінеді. Жылу электр орталықтарында жылу энергиясының тарифтерінде 5% жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорының өсуіне көзделеді. 

«Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифтерді қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді. Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды жүргізу көлемі  айқындалды. Алдын ала деректер бойынша, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді», - деді министр.

Министрдің сөзінше, электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 млрд теңгені құрап отыр. 

«Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша – меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады», - деп нақтылады Ақшолақов.

Бүгінде 2023 жылы қабылданатын «Инвестиция орнына тариф» жаңа бағдарламасы пысықталуда. Аталған құжат Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету арқылы қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігі еліміздің электр станцияларына тәуелсіз техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысқа кірісті. Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов тексерісті кімдер жүргізетінін айтты.

«Техникалық аудитті жүргізу Дүниежүзілік банктің техникалық көмегі арқылы жүзеге асырылады. Техникалық аудиттің бірінші кезеңін өткізуге арналған ашық конкурс шеңберінде Дүниежүзілік банк KPMG Үндістан, KPMG Қазақстан және Acelerex Inc кіретін компаниялардың консорциумын таңдады, жобаның жергілікті үйлестірушісі «Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы» АҚ (бұдан әрі – «КОРЭМ» АҚ) болып табылады», - деді министр.

Техникалық аудитті аяқтау мерзімі 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңына жоспарланған. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банкпен электр желілерінің жай-күйіне техникалық аудиттің екінші кезеңін өткізу жөнінде уағдаластық бар, қазіргі уақытта техникалық тапсырма келісілуде.

«Осы жұмыстың қорытындысы бойынша техникалық аудиттің үздік әлемдік тәжірибелерін қолдана отырып және физикалық тозуды азайту, жұмыс сенімділігін арттыру және энергия жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша тиісті ұсынымдар бере отырып еліміздің энергетикалық кәсіпорындарына техникалық аудит алу жоспарлануда», - деді Ақшолақов.