«Жас келсе іске». Үш жас министр Қазақстандағы білім деңгейін қалай жақсартпақ

Azattyq Rýhy

Үш министрдің баяндамасынан кейін «Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді

«Жас келсе іске». Үш жас министр Қазақстандағы білім деңгейін қалай жақсартпақ
Фотолар: ашық дереккөзден

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның білімі мен ғылымын жаһандық бәсекеге қабілетті етудің амалдарын айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

Министрлер кабинетінің мінберінде осы мәселеге қатысты бірінші баяндама жасаған оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген басымдықтарға, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес дайындалғанын атап өтті.

Айта кетейік, құжатта ведомство құзыреттілігі бойынша 6 бағыт, 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген.

«Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың  жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі», — деді тұжырымдаманың бірінші бағытына тоқталған Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұған дейін балалар 20 минуттан сабақ оқыса, енді халықаралық тәжірибені ескере отырып, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшедіктеріне сәйкес, ойын арқылы жүргізіледі. Оның айтуынша, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін, жаңа балабақшарар ашылады, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жалғасады.

«Мемлекет басшысынаң тапсырмасына сәйкес тәрбиешілердің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестаттау жұмыстары ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тағы да қосымша кешенді шаралар қарастырылды», — деді А. Аймағамбетов.

Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы екенін алға тартқан министр 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшкенін атап өтті. Бұл ретте, тұжырымдаманың ең маңызды жаңалығының бірі – Қазақстандағы мектептер кезең-кезеңмен академиялық автономияға көшпек.  

«Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз  бағалау жүйесі енгізіледі,  мектептердің аттестаттау жүйесі репрессивті мазмұннан, диагностикалық бағытқа ауысады, мектептегі қорытынды бағалаудың нәтижесін халықаралық деңгейде тану бойынша жұмыстар жүргізіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесінде цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша бірінші кезекте мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне назар аударды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлық форматқа көшірілді. Өңірлер деңгейінде кезекке қою үшін 44 ақпараттық жүйе пайдаланылады, бұл кезектің қайталануына және балабақшалардағы орындардың нақты қажеттілігі туралы бірыңғай мониторинг пен деректердің болмауына әкеледі.

«Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», — деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, әр педагогтің цифрлық портфолиосы енгізіледі, онда оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы туралы ақпарат ұсынылады. 

Сондай-ақ мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингтеу цифрлық форматқа көшіріледі.

«Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі, әр оқушының да цифрлық профилі енгізіледі. Ең қажетті қызметтер толығымен Egov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Колледждерде білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімі жасалады, сондай-ақ студенттің профилі (академиялық жетістіктері, әлеуметтік GPA, құзыреттер картасы) қалыптастырылады және QR-кодты генерациялай отырып, цифрлық дипломдар беріледі», — деді А. Аймағамбетов.

Министр ерекше атап өткендей, тұжырымдама аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттін арттыруға ерекше назар бөлінеді.

2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін  сертификаттау енгізілді. Яғни диплом жұмысқа тұру үшін, енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет. 

2023 жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарынан өту кезеңділігі өзгертіледі. Енді ол 5 жылда 1 рет емес  3 жылда бір рет болады. Курстардың мазмұны да, табиғаты да өзгеруде.

«Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Ал, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тұжырымдама жоғары білім жүйесін дамытудың жеті басым бағытын қамтымақ.

Атап айтсақ:

  • Бірінші бағыт -  жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту;
  • Екінші бағыт -  кадр даярлауды алдын ала болжау моделіне көшу;
  • Үшінші бағыт – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • Төртінші бағыт – жоғары білімді цифрландыру;
  • Бесінші бағыт – университеттердің  басқару жүйесін жетілдіру;
  • Алтыншы бағыт – жоғары білім беруді интернационалдандыру;
  • Жетінші бағыт – сапаны қамтамасыз ету жүйесін енгізу.

Саясат Нұрбектің осы атаған бағыттарының төртіншісіне тоқталсақ. Министр бұл бағытты жүзеге асыру арқылы Қазақстанда оқытудың жаңа форматы – онлайн оқу енгізілетінін мәлім етті.

«Осы бағытта біз ауқымды жұмысты атқарудамыз. Мәселен, оқытудың жаңа формасы – онлайн оқыту енгізілді. Бұл студенттің цифрлық бейінін қалыптастыруды, яғни student life track, EdTech цифрлық сервистерін дамытуды, цифрландырудың озық трендтеріне сәйкес процестерді оңтайландыру мен цифрлық экожүйені қалыптастыруды көздейді», — деді С. Нұрбек.

Ал, бұл сапалы интернет пен озық цифрлы технологияларсыз бұл бағытқа қол жеткізу мүмкін емес екенін анық. Осы ретте, әріптестерінен кейін сөз алған  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің хабарлауынша, бүгінгі күні еліміздің 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептердің 7 078-і Интернет желісіне қосылған. Оның 5 122-сі ауылдық, ал 1 956-сы қалалық мектеп. Интернетке қосылмаған 20 мектептің 15-і ауылдық, ал бесеуі қалалық мектеп.

«Халықаралық электр байланыс одағының талабына сәйкес оқушы саны 400-ден астам  мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс. Біздің талдауымыз көрсеткендей, 6414 мектепте жылдамдық (7078-дің 90,61%) ХЭБО-ның талаптарына сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта 664 мектепте Интернет жылдамдығы аталған талаптарға сәйкес келеді», — деді Б.Мусин.

Ал 2 810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар.

«Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылады», — деді Б. Мусин.  

Мусиннің баяндамасындағы тағы бір маңызды мәселе – ауыр сөмке көтеріп жүрген оқушылардың «жүгін» жеңілдетуге бағытталған жоба. Бұл мәселені Мусин оқу барысында цифрлық оқулық ретінде планшет алу. Және соны әлгі Саясат Нұрбек атап өткен онлайн оқу барысында да тиімді пайдалану.

Министр атап өткендей, бұл тәжірибе Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтиже көрсеткен.

«Біздің ұсыныс – 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету», — деді Б. Мусин.

Ұсынылып отырған тетіктердің бірқатар артықшылықтары бар дейді ол.

«Біріншіден, сервистік модельді пайдалану кезінде тікелей сатып алуға қарағанда бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды. Бұл модель халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие.

Екіншіден, планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады.

Үшіншіден, рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады.

Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту мақсатында, бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады.

Бұл ретте отандық өндеуді 3 кезеңге бөлу ұсынылады:

1-кезең – 2023 жылы планшеттерді құрастыру өндірісін ұйымдастыру, ол ҚР аумағында негізгі компоненттерді құрастыру желісін орналастыруды және одан әрі мамандар даярлауды қамтиды.

2-кезеңде жаңа мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен синергия қажет.

3-кезең – планшеттерді жасау кезінде жаңа білім алуға және практикалық қолдануға бағытталған R&D жұмыстарының жиынтығын қамтуы керек. Осының арқасында ЖОО түлектері микроэлектроника саласында жұмыс істейтін болады және жаңа өнімдерді жасауға қатысады», - деді сөзін қорытындылады Мусин.

Үкімет мүшелері тұжырымдаманы талқылай келі, оны бірауыздан бекітті.

Сымбат Молдатай

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.