2040 жылға қарай Қазақстандағы ірі кен орындары сарқылып бітеді
2025 жылға дейін Қазақстанда геологиялық барлауды дамытуға 800 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылады
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстандағы кен орындары біртіндеп сарқылып жатқанын айтты. Ал Қазақстан аумағының зерттелу деңгейі 25%-дан сәл ғана асады. Сондықтан Үкімет геологиялық дамудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын қарады.
«Геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру арқылы қосымша жеке инвестиция тартуға болады. Әсіресе, моноқалаларда шикізат базасын толықтыру экономикаға оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп салаларын дамыту үшін нақты негіз болады. Бұдан басқа жаңа кен орындарын ашқан кезде жаңа өндірістік кешендер құрылады. Бұл 6 трлн теңгеге дейін инвестиция тартып, 20 мыңға жуық жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді А.Мамин.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін төмендеп жатқанын айтты.
«Осы мәселе таяу арада Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да болжануда. Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылды. 2025-2040 жылдарға таман Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылады деп күтілуде», - деді министр баяндамасында.
Министрлік мәліметінше, қазір 15 шөгінді бассейндерінде шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын мұнай-газ ресурстары бар. Оның бесеуі игерілген, бесеуінде қор азайған.
Оқи отырыңыз: Қара алтын «қарғысы»: Қарашығанақта мұнай 7 жылдан кейін таусылады
Сондықтан 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы геологиялық зерттеу деңгейін 25%-дан 37%-ға арттыру жоспары бар екен. Бұл үшін Мырзағалиев бюджеттен 200 млрд теңге сұрап отыр. Бірақ осы ақша кейін 800 млрд теңге болып қайтады деп есептейді. Яғни, геологиялық барлауға салынған 1 теңге 4 теңге болып қайтады деген үміт бар. Сонымен қатар, көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қазбаларды барлауға 100 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Айта кетсек, қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік балансында 8 мыңға жуық кен орны тіркелген, оның ішінде 317 көмірсутек (мұнай, газ, конденсат), 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңға жуығы жер асты суының кен орны.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан