Қазақстанда Көлік кеңесі құрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кеңес құрамына мемлекеттік органдар мен көлік саласындағы ірі компаниялардың басшылары кірді

Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Көлік жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Премьер-министр жаңа Кеңесті құруға не себеп болғанын айтып өтті.

«Еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелері – Үкімет жұмысының аса маңызды бағыты. Көлік саласы Қазақстанның экономикалық өсімінің драйверлерінің бірі және дамудың үлкен әлекетіне ие. Осыған байланысты Көлік жөніндегі кеңесті құру туралы шешім қабылданды», - деді А. Мамин.

Көлік жөніндегі кеңес Қазақстанның көлік саласын және транзиттік әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін, өңірлік көлік-логистикалық хабты құру, тұрғындардың мобильділігін арттыру, ел аумағы бойынша жүктердің жеткізілу мерзімін қысқарту т. б. міндеттерді қарастырады.

Көлік секторы Қазақстанның ЖІӨ 8,2% құрайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, саладағы өсім қарқыны 5,1% құрап, ал жұмыспен қамтылған қызметкерлер саны 640 мың адамнан асады.