«Әкімдер жұмыс істемеген»: Сауда министрі азық-түлік қымбаттауының себебін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Саудагерлер Қытаймен шекара жабылды деген сылтаумен бағаны өсіре бастапты

2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 10,4%-ға қымбаттаған. Биыл қаңтар айының өзінде баға 0,3 %-ға өсіп үлгеріпті деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қымбатшылыққа әкімдердің жедел шаралар қабылдамауы себеп болған.

«Өткен жылы барлық өңірде шекті бағадан асқан 67 жағдай тіркелді. Бірақ, бірде-бір әкімдік рұқсат етілген шекті бағаны бекіту рәсімдерін қолданбаған және сауда объектілеріне заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамаған. Қаңтар айында шекті бағадан қайта асып түскен 7 жағдай тіркелді. Алайда, әкімдіктер тарапынан бұл жолы да еш іс-қимыл болған жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов.

Мәселен, Қостанай облысында жалпы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 0,7 пайызға төмендеуіне қарамастан, тауық еті және жұмыртқа бойынша баға бекітілген шегінен асып кеткен. Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлдем жүзеге асырылмаған.

Бағаның қымбаттауына әкімдердің шарасыздығынан бөлек, импортқа тәуелділік те қатты әсер етеді.

«Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Біз жоғары импортқа тәуелділікті анықтадық. Мәселен, 8 тауар тәуекел тобына кірді. Олар бойынша импорт үлесі 15%-дан астам», - деді Б.Сұлтанов.

Айтпақшы, соңғы күндері саудагерлер Қытаймен шекара жабылды деген сылтаумен азық-түлікке бағаны көтере бастапты. Сондықтан министр Қазақстан тауарлар қозғалысының Қытайдан да, Қытайға да тоқтамағанын хабарлады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан