Қазақстан Үкіметінің басшысы ЕАЭО аясында цифрлық экономика мен жоғары технологиялы салаларды дамытуды керек деді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысып, олардың барысында ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның өзекті мәселелерін шешу бойынша бірқатар бастамалар көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
А. Мамин қазақстандық тарап бастамашы болған Кедергілерді жою тәртібіне түзетулерді жеделдетіп келісу қажеттігіне баса назар аударды, бұл жүгінулердің қарастырылу процесін 3 айға дейін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі жүргізіліп жатыр. Онда 68 кедергі көрсетілген. Біз 3 жыл бұрын бұл тізілімді 60 кедергіден бастаған болатынбыз. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз өкінішке орай, жаңа кедергілер туындатып немесе оларды жоюды көпке созып жылдан-жылға олардың санын көбейтіп келеміз», — деді А. Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы 2021 жылдың соңына дейін ЕАЭО елдерінде жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларды толық электронды форматқа көшіруді ұсынды.
«Электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара мойындау арқылы электронды форматта жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды қамтамасыз ету – мемлекеттік сатып алулар нарығын дамытудың мақсаттарының бірі», — деді А. Мамин.
ҚР Премьер-Министрі ЕАЭО туралы шартқа бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзған жағдайда бизнеске келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша өзгерістер енгізуді пысықтау бастамасын көтерді.
«Бүгінде ЕАЭО құқығына сәйкес, бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзған кезде шаруашылық жүргізуші субъектіге айыппұл салынған жағдайда айыппұл бұзушылық жасаған шаруашылық субъектісі тіркелген елдің бюджетіне аударылуы тиіс. Бұл ретте зардап шеккен тарап залалдың орнын толтыру мүмкіндігінен айырылады», — деді А. Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы ЕАЭО аясында цифрлық экономика мен қазіргі жоғары технологиялы салаларды дамыту, сондай-ақ пираттық өнімдермен күресудің бірлескен тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігін атап айтты.
Отырысқа қатысушылар 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттары жобасын әзірлеу, ЕАЭО ішкі нарығының жұмысы аясында кедергілерді жою, ұлттық ақпараттық жүйелер интеграциясы, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында ұлттық валютадағы әкелім кеден салықтарын аудару үшін есептеу-клиринг жүйесін енгізу, алкоголь нарығын реттеу туралы келісім жобасын дайындау, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша жұмыс барысын қарастырды.
ЕҮАК отырыстарының қорытындысы бойынша тиісті шешімдерге, өкімдер мен тапсырмаларға қол қойылды.
ЕҮАК келесі отырысы Минск қаласында 2020 жылғы 9-10 сәуірде өтеді.