Сенат құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін талқылады

Әсел Оршыбекова

Заң жобасын Сенат бірінші және екінші оқылымда мақұлдады

Сенат құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін талқылады
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Сенат қабырғасында құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру мәселелері қаралды. 

Жоғары палата мінберінде баяндама жасаған еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев бұдан былай конкурстан тыс іріктеу, марапаттау, тәртіптік практика, атақ-шен беру, бағалау мәселелері бірдей стандарттарға сай орындалып, заңға енгізілетінін мәлімдеді.

«Кадрлық процестер ведомстволық актілермен реттеледі. Соның салдарынан әрбір құқық қорғау органында өзіндік ішкі тәжірибесі қалыптасқан. Олар әр органда әртүрлі. Енді конкурстан тыс іріктеу, марапаттау, тәртіптік практика, атақ-шен беру, бағалау мәселелері, бірдей стандарттарда келтіріліп, заңға енгізіледі. Нақты айтсақ, конкурс арқылы қабылданған қызметкер үшін стажировка болмайды, арнайы тексеріс конкурстан кейін жүргізіледі. Конкурстан тыс қабылдау талаптары күшейтіледі. Күштік органдарда бұрын жұмыс істеп кеткен адамдар құқық қорғау жүйесіне қайта орналасатын болса, онда күштік органдағы еңбек өтілі үш жылдан кем болмауы тиіс», - деді ол. 

Ал әскер қатарындағы сарбаз болғандар үшін конкурстан тыс қабылдауға тыйым салынады. 

Сонымен қатар, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері мен әскерлер арнайы тексерістен және әскерлік дәрігерлік комиссиядан өтпей-ақ, құқық қорғау органдарына бірден ауыса алады. Қызметтің бағалау нәтижесі теріс болған қызметкерлер аттестациялауға жатады. 

Бұдан бөлек, ведомстволық академияларға ғалымдар мен біліктілігі жоғары мамандар офицерлік лауазым жалақысына қабылданатын болады. Оларды жұмысқа алатын кезде арнайы әскерлік дәрігерлік тексеруден өтпейді және жасына шектеу қойылмайды. 

Ұсынылған заң жобасында бірқатар түзетулер қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған. 

«Қызмет міндетін атқарып жүріп, ауырып қайтыс болған қызметкер отбасына 60 айлық өтемақы төлеу көзделеді. Бұл ретте ауру мен қызмет өткерудің арасындағы себеп-салдар байланысы анықталады. Мәселен қызметкер карантиндік шараларға қатысу кезінде инфекциялық ауру жұқтырып, содан қайтыс болса, төлем беріледі. Қайтыс болған қызметкерді тұрып жатқан үйінен шығаруға тыйым салынады», - деді Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің жалақысына үш жылда бір рет индексация жасалып тұрады. Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына, балаларына ай сайын төлемдер беріледі. 

«Ауыр жарақат алып, қызметін ары қарай жалғастыра алмайтын қызметкерлерге де осындай төлемақы беріледі. Мерт болған немесе мүгедектік алған қызметкрелердің балалары мемлекеттік тапсырыс арқылы білім гранттары берілетін еліміздің ЖОО-да тегін білім алады», - деп нақтылады ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Заң жобасын Сенат бірінші және екінші оқылымдарда мақұлдады

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.