Банктердің өз есебі өзінде, олар ешкімге қарыз емес - Мәжіліс депутаты
Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, әділетті Қазақстанда салық салуды да әділ негізге қоятын кез келді

Өткен жылы халықтың нақты ақшалай табысының өсуі екі есеге қысқарды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің 2,5 %-ға төмендеуі байқалды. Инфляция шектен 1,5 есеге асып түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов мәлімдеді.
«Экономикадағы мұндай жағдайдың субъективті себебін Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің мүдделерін қорғауынан көреді. Кешегі Салық кодексін талқылауда Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, бүкіл еліміздің экономикасы – мемлекет, бизнес, халық болып қаржыландыратын банктердің салық жүктемесі небәрі 2-5 пайызды құрайды екен. Яғни, азаматтарымыз 10 пайыз табыс салығын төлейді, бизнеске түсетін салық ауыртпалығы 40 пайыздан асады, ал банктердің өз есептері өздерінде, олар ешкімге қарыз емес. Сондықтан, экономика құлдыраған кезде, керісінше, олардың кірістері өсе түсті. Міне, бюджеттің резерві осында көмулі жатыр»,- дейді депутат.
Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, әділетті Қазақстанда салық салуды да әділ негізге қоятын кез келді. Өндіріске берілудің орнына несиенің 60 %-ы тұтынуға кетеді (кәсіпорындар үшін 7,7 трлн, жеке тұлғалар үшін 10,7 трлн). Халық табысының бестен бір бөлігі тұтынушылық несиені өтеуге жұмсалады.
«2017 жылдан бері ауыл шаруашылығын несиелендіру 3 есеге қысқарды, ал өнеркәсіпті несиелеу 5 жыл бұрынғы деңгейде қалды. Ешқандай өсу жоқ!
Нақты сектор қолда бар айналым қаражатына қол жеткізе алмай қиналуда. Ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі өсті. Мысалы, экспорттың жалпы құрылымында азық-түлік тауарларының экспорты 6,2 %-ға төмендеді, ал импорттың жалпы құрылымындағы олардың импорты 11,8 %-ға дейін өсті. Мемлекеттік борыш және мемлекет кепілдік берген борыш 53,7 млрд АҚШ долларын құрап, жаңа Бюджеттік саясат тұжырымдамасында белгіленген ЖІӨ-ге қатысты шегінен асып түсті. Бұған кім жауап береді?», - деді депутат.
Оның сөзінше, өнімді экономиканы дамыту тұрғысынан экономикалық аймақтарды құруға үлкен үміт артылған еді. Бірақ, шын мәнінде не болып жатыр?
«2001 жылдан 2021 жылға дейін АЭА-ға құйылған инвестициялар 4,2 трлн теңгені құрады, оның 71 пайызы Елорданың және Түркістанның әкімшілік орталықтарының құрылысына (3 трлн теңге) және 29 пайызы ғана өнеркәсіпке (1,2 трлн теңге) жұмсалды. Инвестицияның 2/3 бөлігін (807 млрд теңге) квазимемлекеттік кәсіпорындар салған. «НИНТ» мұнай-химия технопаркі», «Химпарк-Тараз» сияқты АЭА жеке инвестицияны мүлде тартқан жоқ. Ел экспортындағы АЭА өнімдерінің үлесі 0,1 % құрайды, бұл заманауи өндірістерді құру қолдан келмеді деген сөз»,- деді депутат.