Бүгін Үкіметте ҚР Энергетика министрінің орынбасары М.Досмұхамбетов Сарыарқа газ құбырының құрылыс жұмыстары туралы айтып берді.
«Біз газ құбырының құрылысын жоспар бойынша осы жылы аяқтауымыз керек еді. Өздеріңіз білесіздер, оның ұзындығы 1061 шақырым. Бүгінге дейін 1050 шақырымы дәнекерленді, қазір құбыр төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, жұмыс жақында аяқталады», - деді ол.
Вице-министр елорданы газдандыру мерзімін де тағы бір нақтылап өтті. Айтуынша, жергілікті әкімдіктер газ тарату жүйесінің жұмысын бастап кеткен.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірінші іске қосу кешенін келер жылы күзде аяқтаймыз. Ол жылу электр орталықтары мен тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етеді. Ал Қарағандыға газ ертерек жетеді», - деп түйіндеді сөзін, вице-министр.
Негізінінен «Сарыарқа» құбыры бойынша 5 автоматтандырылған газ электр станциялары бар. М. Досмұхамбетов олардың тұтынушыларға газ жеткізетін бөлігі осы жылы желтоқсаннан кешіктірілмей қолданысқа беріледі деп сендірді.
Еске салайық, жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Нұр-Сұлтан тұрғындары газға 2020 жылдың аяғында қол жеткізе бастайтынын, әкімдік сот істеріне байланысты жұмысты мерзімнен кешіктіргенін айтқан.
Ал «ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметі «Сарыарқа» газ құбырын «Интергаз Орталық Азия» компаниясына жалға беретінін, бағаны сол мекеме қоятынын хабарлаған болатын.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан