Президент министрлер мен әкімдерге неге сөгіс бермегенін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Президент көктемге дейін өздеріне жүктелген міндетті орындамаса, оларды қызметінен босатанынын мәлімдеді

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес екенін айтты.

«Бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар, берілген тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалмағаны үшін сөгіс жариялаған жоқпын. Бірақ кемшіліктер жеткілікті. Мысалы, өз сөзімде айтқандай, халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шаралар қолдануға болар еді. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан, үкімет мүшелеріне және әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын», - деді Тоқаев.

Бірақ, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгін айтылған тапсырмалар зор жауапкершілікпен орындалуы қажет екенін атап өтті.

«Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз», - деді Президент.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан