Жоғары кеңестің негізгі отырысы аясында үш мәселе қарастырылды
Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын геосаяси жағдайдың Қазақстанға тигізетін кері әсеріне төтеп беруге бағытталған қажетті шаралар топтамасын талқылаудан басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында аталған мәселе бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Президенттің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти және Үкімет мүшелері баяндама жасады. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов бизнес тарапының ұсыныстарын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық талдау негізінде кәсіпорындарды, қажет болған жағдайда, халықтың жекелеген топтарын қолдау шараларының топтамасын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ биылғы республикалық бюджет қайта қаралды.
Жоғары кеңестің негізгі отырысы аясында үш мәселе қарастырылды. Олар: мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту, инвестициялық саясатты жетілдіру, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау.
Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін күшейту жөніндегі бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетке түсетін қосымша кірістерді қамтамасыз ету мақсатымен қатты пайдалы қазбалардың үш түріне салынатын пайдалы қазбалар өндірісі салығының мөлшерлемесін орташа есеппен 3 есе өсіру ұсынылады. Бұл бюджетке түсетін кірісті 300 миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.
Министр капиталды сыртқа шығаруға жол бермеу, шетелдік компаниялардың табысына және цифрлық майнингке салық салу шараларын енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек мемлекеттік бюджетке түсетін қосымша кірістер трансферттік баға белгілеуді қадағалау шараларын, кеден мен салық бақылауын күшейтуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама қорытындысы бойынша Үкіметке, инвесторлық қоғамдастықпен бірлесіп, халықаралық салық және трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырды.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау барысы жөнінде басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев есеп берді. Ол сатып алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, мұнай, газ өңдеу, көмір және электр қуатын өндіру мен олардың маркетингі нарығының қатысушылары үшін кедергілерді жою сияқты бағдарламаның негізгі басымдықтарын атап өтті. Сонымен бірге кадрлық саясат қайта қаралып, басқару персоналы оңтайландырылған. «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «KEGOC» АҚ, «QazaqGaz» АҚ сияқты компаниялар IPO-ға шығарылады. Соның арқасында «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 500 миллиард теңге бөле алады.