«Жоқ қолы қайта өсіп шықпайды»: Мәжіліс депутаты мүгедектікті қайта рәсімдеу мәселесіне шүйлікті

Автор: Azattyq Rýhy

Жұлдыз Сүлейменова мүгедек жандарға қатысты бірнеше мәселе көтерді 

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында АӘК алуда көптеген қордаланған мәселе бар. Мәселен табыс көзі мың теңгеге артқан отбасы әп-сәтте мемлекеттік қолдаудан айырылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында айтты.

«АӘК-ке қатысты Алматы облысында ушығып тұрған мәселе көп. Біз көрген көпбалалы отбасында 4 бала бұған дейін осы АӘК-тің арқасында тамақ ішсе, биыл мың теңгеге кірісінің көбейгендігіне байланысты екі баласы АӘК-тен айырылды. Оған не деп жауап береріңді білмейсің шынын айтқанда...», - дейді депутат.

Сондай-ақ, ол мүгедек жандарға мемлекеттен тегін берілетін медициналық бұйымдардың мұқтаж жандардың мекен-жайларына жеткізілуінде де олқылықтардың бар екендігін алға тартты.

«Жалпы мүгедек адамдармен кездескен кезде «Бізге Қазпоштадан тапсырыспен келген протезді сондағы қызметкерлер лақтырғандықтан сынып қалған» деп шағымдарын айтты. Оның кері қайтарылмайтындығы, тіпті ауыстыруға мүмкіндігі жоқ екендігін көрсеткен кезде оны жай ғана тыңдап тұру мүмкін емес. Олардың онсыз да өмірге деген реніштері бар. Ал біз мемлекеттен жылына бір рет берілетін осы дүниені аяғына дейін жеткізе алмай отырмыз. Бұған кім кінәлі?», - деді Сүлейменова.

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты мүгедектікті қайта рәсімдеу мәслесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұнда қисынға келмейтін дүние көп. 

«Жыл сайынғы қайта рәсімдеу мәселесі. Бір жылда мүгедек адамның  бүйрегі қайтадан өсіп шықпайды ғой немесе жоқ қолы қайтадан өспейді. Сондықтан олардың құжаттарын қайтадан жинақтап, тек қана комитет комиссиясының шешімі үшін қайта тапсырудың не қажеттілігі бар? Өзі ренжіп отырған адамдарды одан сайын қинаудың не себебі бар?», - деді Мәжіліс депутаты.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтылған сын-пікірлерге құлақ асып, тиісті жұмыстарды атқаруға уәде берді. 

«Портал бойынша келген протездерді 14 күн ішінде қайтаруға мүмкіндік бар. Халық мүмкін түсінбеген болар, білмеген болар. Барлық сын-пікірлерді ескереміз. Мұның барлығын өз жұмысымызда ескереміз. Бұдан белгілі бір шешімдер шығарамыз», - деді Серік Шәпкенов.