Жалақы өседі, экономика дамиды: Жаңа Премьер-министр халыққа қандай уәде берді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының бәрі уақытылы орындалатынына уәде берді

Бірнеше минут бұрын Қазақстан Республикасының жаңа Премьер-министрі болған Әлихан Смайылов Президент пен Парламент алдында қысқаша сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Президенттің Үкіметке берген тапсырмаларының бәрі уақытылы орындалатынына уәде берді.

«Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың тұрмысын жақсарту бойынша тапсырмаларыңыз Үкімет үшін басты міндет болады», - деді Смайылов.

Ол тиімді макроэкономикалық саясатты іске асырып, жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны төмендету басты міндет болатынын айтты.

«Экономикалық өсуді орта мерзімді уақытта 5% деңгейіне жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылады», - деді жаңа Премьер-министр.

Сондай-ақ Смайлов «Үкімет жұмысының басты мақсаты – халықтың әл ауқатын арттыру, сондықтан, мемлекет бюджеті тиісті шараларға жұмсалады», - деді.