«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы нені көздейді?
Аталған жоба толықтай жүзеге асса елде балабақша, үш ауысымды мектеп сынды проблемалар шешімін табады
Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалардың дені қағаз жүзінде орындалып, олардың игілігін халық көре бермейтінін бұған дейін Мемлекет басшысы да, Парламент депутаттары да бірнеше рет айтып, Үкімет пен жергілікті әкімдіктерді сынаған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіпті, мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобалар форматына ауыстыруды тапсырған. Бұл өз кезегінде атқарылатын жұмыстардың сапасын арттырып, қоғам тарапынан бақылауды күшейтуі тиіс.
Мемлекет басшысының осынау тапсырмасынан кейін қолға алынған ұлттық жобалардың бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы. Аталған құжат жыл соңына дейін бекітілуі тиіс. Демек, бұл қандай жоба және көздегені не?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жуырда аталған ұлттық жобаны Үкімет отырысында таныстырып, оның мақсат-міндетін атап өткен болатын. Оның сөзінше «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған. Бұл қандай сабақтастық, сол туралы азды-кем айтып өтсек...
Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады.
Аталған бағдарлама негізінен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтуға, ауылдағы білім беру сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіздігіне және ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салады. Ендеше осы 5 міндетке жеке-жеке тоқталсақ.
Бірінші міндет — мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «қаражат балаға» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Осының арқасында 2025 жылы 2 мен 6 жас аралығындағы бүкіл баланы балабақшамен (мектепке дейінгі мекеме – авт.) қамту 95% жетсе, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100% жетеді деген міндет бар. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелердің бәрінде бала дамуының жаңа моделі енгізілмек. Яғни, «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады.
Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Бұл негізінен қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған. Ұлттық жоба аясында бұл бағытта бірнеше іс-шара жоспарланған. Сондай-ақ, мектептердің бәрі 12 жылдық оқыту бағдарламасына көшетін болады. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделуде. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Бұл бағыттың ең басты ерекшелігі – үш ауысымды мектептерді түбегейлі жою болып табылады, яғни мектептерде орын тапшылығы деген түсінік болмауы тиіс. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттырады. Осы міндет аясында 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстанда тағы 1000 мектеп салынбақ. Нәтижесінде елімізде үш ауысымда оқытатын мектеп болмайды және апатты мектептер саны 0,1%-ға дейін қысқарады. Сондай-ақ, шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Осының арқасында NEET санатына жататын жастардың қоғамдағы үлесі азаяды. Айта кетейік, NEET санатындағы жастар деп жұмысқа жарамды, алайда не білім алғысы келмейтін, не жұмыс істегісі келмейтін жас азаматтарды атайды.
Бесінші міндет — қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл ретте Назарбаев Университетінің тәжірибесі қолданылады. Міндетті орындау үшін елімізде НУ тәжірибесі негізінде 20 академиялық артықшылық орталығы ашылады. Оның 15-і өңірлік болса, қалған бесеуі педагогикалық жоғары оқу орны болады. Сонымен қатар, НУ секілді жетекші екі ЖОО құрылмақ. 2025 жылдың соңына дейін әлемдік танымалдылыққа ие шетелдік 5 ЖОО-ның Қазақстанда филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қазақ жастарының шетелге ағылуын тоқтатуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін 2 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсамақ ниетте.