Бұл топты соңғы екі жыл көлемінде Парагвай елі басқарған
7 қаңтарда Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің (ТШЖДЕ) тобындағы 2020-2021 жылдарға арналған төрағалықты қабылдады. Төрағалық табыстау рәсімі БҰҰ жанындағы топқа мүше мемлекеттердің елшілері мен сарапшылары және ең дамымаған елдер, теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер мен кіші аралдық дамушы мемлекеттер мәселелері жөніндегі БҰҰ жоғары өкілі Фекитамоелоа Утоикаманудың қатысуымен өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобына 32 ел кіреді. 16 ел Африка құрлығынан, Азиядан 10 ел (Орталық Азия бес мемлекеті түгелдей және Ауғанстан), Еуропадан 4 ел, Оңтүстік Америкадан 2 ел кіреді.
Қазақстан төрағалық ету кезінде 2014-2024 жылдарға арналған теңізге шығар жолы жоқ елдер үшін Вена іс-қимыл бағдарламасын және БҰҰ орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға транзит елдері, БҰҰ агенттіктері және басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтастықты кеңейту арқылы өңірлік негізде белсенді түрде жәрдемдеседі.
«Төраға ретінде Қазақстан біздің тобымыз және барлық мүдделі тараптармен, оның ішінде БҰҰ мекемелері, халықаралық қаржы институттары, жеке сектор мен ғылыми өкілдері арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында барлық күш-жігерін салады», - деді Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров іс-шара барысында.
Сондай-ақ Қайрат Омаров топты соңғы екі жыл басқарған Парагвайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Хулио Сесар Арриолаға атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.
БҰҰ жоғары өкілі Фекитамоелоа Утоикаману өз сөзінде Қазақстан ТШЖДЕ тобының мүддесін қорғауға әрдайым белсенді ұстанымды болғанын атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі 2020 жылдың маусымында Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын өткізуге ұйытқы болып отырғанын айтты.
Қазақстан 2019 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында өткен ТШЖДЕ-нің дәстүрлі министрлік кездесуінде топтың төрағасы болып сайланды.