Вице-премьер Бердібек Сапарбаев барлық балаға 20 мың теңгеден төлеу дұрыс емес дейді
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баспасөз мәслихатын өткііп, 2020 жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік тапсырмалар туралы баяндады.
Айта кетейік, 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап төрт баласы бар отбасыларға табысына қарамай, ай сайын – 42 496, бес баласы барларға – ай сайын 53 127, алты баласы барларға 63 757 теңге, 7 және одан да көп баласы бар отбасыларға айына 74 388 теңге жәрдемақы төлене бастады.
Бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында жиналған көп балалы аналар бұл тізімде (жәрдемақы алушылар –авт.) үш баласы немесе сегіз баласы бар аналар жоқ екенін және бала санына қарамай, әр балаға айын 20 мың теңге жәрдемақы төлеу мүмкіндігін қарауды сұраған.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жаңадан беріліп жатқан жәрдемақы жайында «Бұл - атаулы әлеуметтік көмек. Нашар тұратын отбасылардың жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан берілетін уақытша көмек» деп түсіндірді.
«Біз ұстанған негізгі принцип - көп балалы отбасыларды қолдау. Екіншіден, бес балаға қанша шығын кететінін, ал бір балаға қанша шығын кететінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Барлығына 20 мың теңгеден төлеу дұрыс емес», - деп атап өтті ол.
Бердібек Сапарбаев ең алдымен оған кететін қаражат есептелу керек дейді.
«Ең негізгі мәселе - көмекті мұқтаж адамдарға беру керек. Біздің мақсатымыз сол, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, масылдық пен мұқтаждықты ажырата білеу керек. Жастарды, жалпы қазақстандықтарды жұмысқа үйрету керек. Әркім өз отбасын өзі асырау керек», - деді вице-премьер.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан