2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 5,4%

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет пен Ұлттық банк 2019 жылы инфляция деңгейі 4-6% дәлізінде сақталады деп болжам жасаған

Фото: ашық дереккөзден

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұтыну тауарлары бағасының өсімі 5,4%-ды құрап отыр. Бұл туралы Статистика комитеті хабарлайды.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2018 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың желтоқсаны аралығында азық-түлік тауарларының бағасы 9,6%, азық-түлік емес тауарлар 5%, ақылы қызметтер 0,7% қымбаттады. Азық-түлік тауарларының ішінде жарма (25,3%), ұн (27,3%), күріш (21,6%), нан (16%), ет (13,2%) және жұмыртқа (11,9%) бағасы айтарлықтай өскен.

Бір жыл ішінде балық және теңіз өнімдерінің бағасы 11,7%, сүт өнімдері 6,4%, көкөністер мен жемістер 6,3% қымбаттаған. Оның ішінде картоп 14,3%-ға, пияз 12,2%-ға қымбаттады. Алайда, бір жыл ішінде қант бағасы 21,6%-ға арзандаған. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы 6,7% -ға, үй керек-жарақтарының құны 6% -ға қымбаттады.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет пен Ұлттық банк 2019 жылы инфляция деңгейі 4-6% дәлізінде сақталады деп болжам жасаған. Сонымен қатар, Қазақстан тұтыну тауарлары бағасының өсімі бойынша Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің арасында алдыңғы қатарда тұр.