$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.12.2019, 01:20
Үкімет

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жүргізуші куәлігінен өмір бойы айыру жазасы енгізіледі

Заңнамадағы тиісті түзетулер 1 күннен кейін заңды күшіне енетін болды

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жүргізуші куәлігінен өмір бойы айыру жазасы енгізіледі

Қазақстанда жүргізуші куәлігінен өмір бойы айыру жазасы 1 қаңтардан бастап енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Жүргізуші куәлігінен өмір бойы айыру жазасы адам қағып өлтірген және мас күйде жол-көлік апатын жасауды қайталаған жағдайда қарастырылмақ.

Заңнамадағы тиісті түзетулерге ҚР президенті қол қойған және бір күннен кейін заңды күшіне енетін болды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бирфингте ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мас күйде көлік жүргізуге қатысты елімізде жыл сайын 30 мыңнан астам оқиға тіркелетінін атап өтті.

Қазақстанда 2019 жылы мас жүргізушілердің кесірінен болған жол-көлік апаттары салдарынан түрлі жарақат алған және қайтыс болған  азаматтар саны 1 мыңнан асқан. Алайда, ҚР Қылмыстық кодексіне 345-1 бап енгізілген уақыттан бастап жағдай оңала бастауы тиіс дейді құзырлы орган өкілдері.   

«Бүгінде ішімдік ішпеген және мас күйде көлік жүргізген жүргізушілерге бірдей норма қолданылып келді. Қазіргі қолданыстағы заңнамаларда мас күйде көлік жүргізгендерді екі жылға куәлігінен айыру және 40 тәулікке қамау жазасы қарастырылып келсе, енді бұдан былай бір жылға дейін бас бостандығынан айырып, 10 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылатын болды. Ал егер жол-көлік апаты салдарынан адам өлімі болса, онда жүргізушіні 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылып отыр», – деп түсіндірді М. Ахметжанов.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, бұрын қандай да бір себеппен жүргізуші куәлігінен айрылғанымен, тағы да мас күйде рөлге отырған азаматтар көлік жүргізу құқығынан өмір бойы айрылады. Бұдан өзге, мас күйде көлікке отырған жүргізушілер 30 тәулікке дейін қамауға алынады. 

Айта кетсек, бұрын ҚР ІІМ елдегі жол-көлік апаттарының азаймай отырғанын, көлік апаты көбінесе мас жүргізушілер кінәсінен болатынын айтқан еді.    

Серіктес жаңалықтары