Депутаттың сауалына қазақша жауап беруге қиналған жаңа министр ескерту алды

Автор: Azattyq Rýhy

Серікқали Брекешев жуырда ғана ведомство басшысы болып тағайындалды

10 қыркүйекте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалған Серікқали Брекешев бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ескерту алды.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Экология министріне Каспий теңізін ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялауға қатысты сауал жолдап, мемлекеттік тілде жауап беруін өтінді. Алайда, Серікқали Брекешев қазақ тілін білгенімен, мемлекеттік тілде ойын толық жеткізу қиын екенін айтты.

«Қазақ тілін білмегендіктен емес, ойымды толық ашу үшін орыс тілінде жауап берсем», деп рұқсат сұраған Экология министріне Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ескерту жасады.

«Бізге алғаш рет келіп тұрсыз. Депутат маңызды мәселені көтеріп отыр. Сіз Парламентте тұрсыз, қазақ тілінде қойылған сауалға қазақ тілінде жауап беру керек», - деді Мәжіліс төрағасы.

Серікқали Брекешев 1972 жылы 14 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген.

1995 жылы Атырау политехникалық институтын «мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1995-1997 жылдары «Қазақстан-Ресей сауда үйі» БК бас директорының орынбасары, экономист болып жұмыс істеген.

1997 жылы Ақтау қаласы бойынша Салық бөлімінің жедел бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.

1997-1998 жылдары — «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Мұнайгермес» материалдық-техникалық қамтамасыз ету және өнімді өткізу басқармасы филиалының құбырлар және металл бұйымдары бөлімінің 8-ші разрядты инженері, көлік, арнайы техника мен қосалқы бөлшектер бөлімінің инженері.

1998-2006 жылдары — «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ пайдалану жөніндегі инженері, кен орнында мұнай өндіру шебері, кәсіпшілік менеджері.

2007-2014 жылдары энергетика және минералды ресурстар, мұнай және газ министрліктерінде басшылық лауазымдарды атқарды.

2015 жылдан бастап «ҚазТрансГаз» АҚ құрылымында жұмыс істеді — Техникалық саясат департаментінің директоры, ГТЖ басқару жөніндегі басқарушы директор, техникалық саясат жөніндегі басқарушы директор, өндірістік-техникалық департаменттің директоры, бас директордың техникалық саясат жөніндегі орынбасары.

2020 жылдың наурызынан бері Серікқали Брекешев Экология вице-министрі қызметін атқарды.