СҚО-да «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға арналған 300 үй бос тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген 4,2 млрд теңгенің жартысынан астамы республикалық бюджетке қайтарылды

Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген 4,2 млрд теңгенің 2,3 миллиарды республикалық бюджетке қайтарылды. Оған бағдарламаны орындауда кеткен олқылықтар себеп. Теріскейге түстіктен көшіп келушілерді қоныстандыру мақсатында мемлекет қаржысына сатып алынған 300 баспана бос тұр. Өйткені оңтүстіктен көшіп келушлер сиреп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР ҮЙ ЖАЛДАП ТҰРЫП ЖАТЫР

Мемлекеттік бағдарлама шартына сәйкес қоныс аударушыларға арналған үйлерді аудандық әкімдіктер байқау жариялау арқылы сатып алады. Әрбір баспанаға 8 млн теңге бөлінеді. Ақжар, Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Уәлиханов аудандары және Шал ақын аудандарында бюджет қаржысын шығындап сатып алған үйлердің жартысынан көбі бос тұр. 

Нұрлыбай Монтаев теріскейге 2018 жылы Түркістан облысынан көшіп келген. Көші-қон мәселесіне жауапты мамандар оны облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықтағы Жамбыл ауданының Железное ауылында қоныстандырған. Көпбалалы отбасына облыс көлемінде бос тұрған 300 үйдің бірі де бұйырмапты, тұрақты жұмыспен де қамтылмаған. Айына 20 мың теңге төлеп, ауылдағы бос үйлердің бірін жалдап тұрып жатыр.

«Бізбен бірге 3 отбасы көшіп келді. Не үй, не дұрыс жұмыс берілмегендіктен олар көшіп кетті. Үш жылдан бері бала-шағамен үй жалдап келеміз. Әкімдік өкілдері көптен уәде беріп келеді. Әзірге нәтиже жоқ. Үйдің құрылысы басталды. Жобасы көңілімізден шықпағаннан кейін құрылысшыларға 500 мың теңге төлеп, едені жылы болатындай төсеме салдық, жоспарын өзгерттік. Солтүстіктің қысы қатты. Биыл жаңа үйдің тағдыры не боларын білмейміз. Қазіргі тұрып жатқан үйіміз 5 жыл бос тұрып, бұзыла бастаған. Оған өз қалтамыздан 500 мың шығарып, жөндедік. Келгелі әр адамға берілетін көтермеақыдан басқа ештеңе алған жоқпыз. Өз күшімізбен күн көріп келеміз. Бірнеше рет кетуге оқталдық. Үйден үміттеніп, осы жақта қалып отырмыз. Оның өзі тегін берілмейді ғой», - Нұрлыбай Монтаев.

Қазір Железное ауылында 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алайда кейіпкеріміздің өз баспанасына ие болсам деген арманы биыл да орындалмай қалуы мүмкін.

ӘКІМДІК ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛМАҒАН 10 ҮЙ САТЫП АЛҒАН

Қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін мемлекеттік сатып алуға заңды тұлғалармен қатар, жеке тұлғалар да қатусыға құқылы. Жамбыл аудандық әкімдігімен ауызша келісім негізінде үй салғандардың бірі - Нұргелді Қожамбердиев. Бірнеше үйдің құрылысы аяқталса да, сатылмай қалып, шаш етектен шығынға батқан.

«Майбалық ауылында құрылысы біткен 8 үй бар. Үшеуін мен салдым. Әкімдік оларды қабылдамай қойды. Сатып алуға байқау жарияламай отыр. Сапасы келісті. Жобасы талапқа сай. Үй салу үшін несие алдық. Қазір айына 200 мыңнан төлеп жатырмыз. Біреуін уақытша тоқтатып қойдым. Бастапқыда әкімдік өкілдері келіп, қадағалап жүрді. Соңғы уақытта ешкім көрінбейді», - дейді құрылысшы.

Есесіне Жамбыл аудандық әкімдігі Жамбыл ауылындағы құрылысы толық аяқталмаған 10 үйді 80 млн теңгеге сатып алған. Бұл фактілер Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды.

«Үйлерді әкімдік сатып алған кезде мен ауруханада жатқан болатынмын. Кемшіліктері болғаны рас. Қазір олар жойылды. Үйлер тұруға дайын. Есеп комитеті көрсеткен кемшіліктердің ішінде ішкі есіктердің, жылу жүйесінің, жарықтың жоқтығы сынды ескертулер жазылды. Қазір олардың бәрі бар. Отын, қора, қоршауға дейін орнатылды. Ал салынған үйлерді сатып алу мәселесіне келер болсақ, аудан бюджетінде бағдарлама бойынша бөлінген ақша жоқ. Сондықтан сатып ала алмаймыз», - дейді Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров.

СҚО ӘКІМДІГІ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЙҒАН ЖОҚ

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген тексеріс барысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс көлемінде 99 млн теңге көлемінде қыржылық заң бұзушылық анықталды. Мемлекеттік бағдарлама тиісті деңгейде орындалмағаннан кейін бөлінген қаржының жартысынан көбі республикалық бюджетке қайтарылған. 

«2019-2020 жылдары СҚО бойынша 1035 тұрғын үй сатып алынған болатын. Мамыр айының басында ол үйлердің 500-ден астамы бос тұрды. Қазірдің өзінде 300-ден астам баспанаға ешкім қоныстанған жоқ. Бос тұрған үйлерге адамдар келмейінше жаңасын сатып алу мәселесі қарастырылмайды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген 4,3 млрд теңгенің 2,3 миллиарды қайтарылды. Себебі, облыстық әкімдік Президент әкімшілігі жүргізген тексерістен кейін жасалған ескертулерді орындаған жоқ. Республика бюджетіндегі қаражатты мақсатты пайдалану шарт», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы Рауан Қапан.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушылар үшін үй салғандардың бірі – Ерлік Мұхамеджанов. Мамлют аудандық әкімдігі байқау жариялап баспананы алған, тек тауардың ақшасын аударыпты. Салдарынан ол құрылысшыларға жалақы бере алмай жүргенін айтады. Ал құзырлы органның бюджетінде мемлекеттік бағдарламаға арналған ақша жоқ. Өйткені трансферт республикалық қазынаға қайтарылды.

«Үстіміздегі жылдың 20 тамызы күні аудандық әкімдік жариялаған байқау аяқталды. Біз жеңдік. Заң бойынша келісімге отырып, тісті құжаттарға қол қойылды. Қыркүйекте ақша болмады. 1 қазанға дейін қаржы болатынын айтып сендірді. Енді қазан деп отыр. Соның кесірінен қаржы болмағандықтан екінші үйді аяқтай алмаймыз. Оған көшіп келуге адамдар дайын. 4 отбасы біздің ауылға келе алмай отыр. Өйткені қоныстанатын үй жоқ. Құрылыс материалдары қымбат. Енді құрылысы аяқталмаған үйлердің терезесін жауып тастауға тура келеді. Еңбек еткен жұмысшыларға күнде «ертең» дейміз. Әкімдік бізге күнде «ертең» дейді. 2-3 жыл бұрын көшіп келген отбасылар сіңісіп кетті. Жақсы тұрып жатыр. Тек тағы да адамдарды шақыруға үй жоқ», - дейді ол.

Елімізде мемлекеттік бағдарлама қабылданғаннан бері Солтүстік Қазақстанға оңтүстік аймақтардан 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударды. 150-ге жуығы шыққан өңіріне қайта кетіп қалған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО