ЕАЭО-ға мүше ел азаматтарының Қазақстанда қашықтан жұмыс істеуіне қатысты түзетулер енгізілді

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Еңбек кодексіне түзетулер енгізілді

көрнекі фото

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді ескере отырып, ҚР Еңбек кодексіне ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына Қазақстан аумағында орналасқан кәсіпорындарда қашықтан еңбек қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа, ҚР Еңбек кодексіне төтенше жағдай, төтенше оқиға және басқа да шектеу шаралары кезеңінде қызметкерлерді қалыпты жұмыс режимінен қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру тәртібін оңайлататын түзетулер енгізілді. Сондай-ақ қызметтің ерекшелігін ескере отырып, қашықтан және әдеттегі жұмыс кезектесетін аралас жұмыс режимін пайдалану мүмкіндіктері жақсартылды. Сонымен қатар, жұмыс беруші мен қызметкердің аралас және қашықтан жұмыс режиміндегі құқықтары мен міндеттері және басқа да бірқатар өзгерістер көрсетілген.

«Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта қашықтан еңбек қызметін жүзеге асыру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің азаматын қабылдаған жұмыс беруші қай елдің заңнамасын қолдануға тиіс екенін регламенттейтін нормалар жоқ», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру шеңберінде, жұмыс беруші ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында тіркелген жағдайда, мүше мемлекетте жұмыстарды орындайтын қызметкерлердің құқықтық жағдайын реттеу қажеттілігі туралы ұсыныстар әзірленеді.