Инвестиция көлемі азайды: Дариға Назарбаева Үкіметке депутаттық сауал жолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр ел экономикасына салынған тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 пайызға төмендеген

Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Қазақстанға шетелден инвестиция тарту мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

«Пандемия салдарынан туындаған жаһандық экономикалық рецессия аясында мемлекеттер арасында инвестициялар тарту үшін бәсекелестік артып келеді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы еліміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 пайызға төмендеген. Инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері өзекті болып қала береді», - деді депутат.

Дариға Назарбаева 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіндіріп беруін сұрады.

«Стратегия жаңа инвестиция тарту үшін ең тиімді болып табылатын АКТ, туризм және қаржы сияқты перспективалы салаларды анықтайды. Елдің осы салалардағы бәсекелестік позициясы күшейтілді ме, стратегияны іске асыру жылдарында қандай негізгі инвестициялық жобаларға бастамашылық етілді? Осы есепті жылдары елдегі қазіргі инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды?

Стратегия тиімді операциялық шараларды жүзеге асыруды және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін енгізуді қарастырады. Инвестициялық жұмыста қандай жаңа тәсілдер қолданылады, оларды тәжірибеге енгізудің нәтижесі қандай?

Стратегия инвесторлардың шағымдары мен мәселелерін сәйкестендіру жүйесін құруды көздеді. Бұл жүйе іске қосылды ма? Бұдан басқа, инвестициялық жобалардың мониторингтік жүйесі енгізілді ме, елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйіне жүйелі түрде талдау жүргізіліп жатыр ма? Стратегия шеңберінде оны іске асыру барысын талдауға негізделген «Қазақстанның инвестициялық ахуалының жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндаманы» жариялау жоспарланған болатын. Осы баяндама жарияланды ма? 2020 жылы қандай негізгі тұжырымдар жасалды?», - деп сауал жолдады Мәжіліс депутаты.