«Отбасы банк» баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін бастапқы жарна мөлшерін төмендетеді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын «Отбасы банкке» аударуға рұқсат етіледі

фото: astana.gov.kz

«Отбасы банк» баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін бастапқы жарна мөлшерін тұрғын үй құнының 10% дейін төмендетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

«Үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна мөлшері баспана құнының 10% дейін төмендетіледі. Жеңілдікпен несиелендіру бойынша мөлшерлеме отбасы табысына байланысты жылдық 2% және 5% болады», - деді министр.

Министрдің айтуынша, баспана жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану туралы ережелерге де өзгерістер енгізілмек.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін жеткілікті шегінен жоғары мөлшерде «Отбасы банк» есепшотына аударуға рұқсат етілетінін айтты.

«Мен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бастамасының оң динамикасы туралы айттым. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кейіннен тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банк» есепшотына жеткілікті шегінен көп мөлшерде аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын», - деді Тоқаев.