Антикор ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында кездесетін жемқорлық мәселелерін атады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын субсидиялау саласына кешенді талдау жүргізуде.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау саласында жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілерінің тіркелгенін, бұл фермерлердің көптеген шағымдарымен және жедел-тергеу практикасымен расталғанын атап өтті.
Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында қос субсидиялау, сондай-ақ қажетті мал басы мен растайтын құжаттары жоқ субсидиялау фактілері анықталды. Мәселен, асыл тұқымды малды іс жүзінде сатып алмай субсидияны заңсыз алу фактісі бойынша Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысына қатысты іс сотқа жолданды.
Сондай-ақ, Ақмола облысының «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысы ұсталды. Ол өз өкілеттігінің аясына кіретін шешім қабылдағаны үшін кәсіпкерлерден ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға субсидиялар төлеу фактілері анықталды. Мысалы, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 203 кәсіпкерлік субъектісіне (сұлулық салоны, фармкомпанияларға, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автомобильдерді жөндеу саласында аккредиттелген кәсіпорындарға және т.б.) 825 млн теңгеден астам сомаға асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласында субсидиялар берілген.