Құрғақшылыққа байланысты дәнді-дақылдар егістерінің сапасы нашарлады - АШМ

Автор: Azattyq Rýhy

16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды

көрнекі фото

Құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына азық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Маңғыстау облысына азық дайындау мақсатына қосымша 5,3 млрд теңге бөлу мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, азық дайындау проблемаларын шешуге жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді, қосымша тағы 4,5 млрд теңге бөлу күтілуде. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербоат Қарашөкеев айтты.

«Өңірлерге азық дайындау мақсатында қосымша 43,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ,азық-түлікті белгіленген бағамен өзара жеткізу және зардап шеккен шаруашылықтарға шөп шабу үшін 130 мың гектарға жуық шабындық жер бөлу туралы шарттар мен меморандумдар жасалды. Бұдан бөлек, табиғи резерваттың 211 мың гектарында азық дайындауға рұқсат етілді. Бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдар да қосылды және олар зардап шеккен өңірлерге шамамен 150 вагон азық жеткізді. Мұндай жеткізу көлемдерін 2000 вагонға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді Қарашөкеев.

Биыл 16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалды, бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7%-ын құрайды. 23 тамыздан бастап ірі азықты республикадан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді, 1 қыркүйектен бастап жемдік астықты экспорттауға квоталау енгізіледі.

Қарашөкеев елдегі климаттық ахуалды да тілге тиек етті.

«Климаттың өзгеруі су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығына әкелді. Нәтижесінде суармалы жерлердің алаңы соңғы 30 жылда 2 еседен астамға – 3 млн га-дан 1,4 млн га-ға дейін қысқарды. Атмосферадағы қалыптан тыс құрғақшылыққа байланысты дәнді-дақылдар егістерінің жай-күйі айтарлықтай нашарлады және бұл Қазақстанда ғана болып жатқан жайт емес», - деді ол.

Биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды. Нәтижесінде ресурстарға 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалынды. Бұл ретте корпорацияда 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қорының бары белгілі болды.

«Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды», — деп Асқар Мамин.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан