Қазақстанда инфляция маусым айында 7,9% – ға күрт көтеріліп, ал шілде айында 8,4% - ға жетті
Елімізде жеті айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 2,7% құрады. Ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары жоғары өсім көрсетуде. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ға дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады.
«Инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі бойынша жоғарғы өсім Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалды. Жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында 2,4% өсім байқалып отыр», - деді Әсет Ерғалиев.
Десе де, әлемдік экономикалық ахуал әлі де тұрақсыз. Дамушы елдердің экономикалары 2022 жылдың соңына қарай қалпына келеді деген болжам бар. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев өз баяндамасында айтты.
«Қазақстанда инфляция маусым айында 7,9% – ға күрт көтеріліп, ал шілде айында 8,4% - ға жетті. Инфляцияның жеделдеуі азық – түлік нарықтарындағы теңгерімсіздіктердің өсуі, шикізатқа әлемдік бағаның өсуі және негізгі сауда серіктестері саналатын елдердегі, әсіресе Ресейдегі жоғары инфляциялық көрсеткіш әсер етуде. Азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы 6,9% - дан 7,2% - ға дейін өсті. Ақылы қызметтердің инфляциясы нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында 5,6% - дан 6,1% - ға дейін көтерілді», - деді Ерболат Досаев.
Өз кезегінде Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан