ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Мәжіліс төрағасы бірінші сессия тұсында қабылданған маңызды құжаттарды атады

Парламент депутаттары каникулға шықты

Нұрлан Нығматулин, фото: parlam.kz

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент палаталарының бірлескен отырысында VII шақырылған депутаттардың бірінші сессиядағы атқарған жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

VII сайланған Парламент депутаттарының жұмысы ел тарихы үшін айрықша жыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылуының 25 жыл толуын атап өткен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздің барлық жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен байланысты екенін, оның стратегиясы бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының арқасында табысты іске асырылып жатқанын атап өтті.

Мәжіліс спикері саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар, сондай-ақ өткен кезекті парламенттік сайлау демократияның одан әрі нығаюына, азаматтық қоғамның күшеюіне және жалпы елдің дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

«Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің 23 жалпы отырысы және Сенаттың 21 отырысы өткізілді. Екі палатаның қарауында 104 заң жобасы болды, олардың 63-і қабылданды, ал 58-іне ел Президенті қол қойды. Ең алдымен, бұл Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформаны қолдауға арналған заңдар. Сайлау заңнамасына саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендетуді, «бәріне қарсы» деген жаңа таңдауды енгізуді, сондай-ақ ауылдық округтер әкімдерін тікелей сайлауды көздейтін түзетулер енгізілді. Бұдан басқа, жер қатынастары мәселелері бойынша, атап айтқанда, шетелдіктерге сатуға және олардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алуына тыйым салатын өзгерістер қабылданды. Ел Президентінің әлеуметтік саланы, ШОБ-ты қолдауға, жұмыспен қамту мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тапсырмаларын орындау мақсатында Парламент «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер қабылдады. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану Парламенттің тұрақты бақылауында», - деді Нұрлан Нығматилун.

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, әлеуметтік тұрақтылық пен экономиканы нығайту үшін квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу, туристік қызмет мәселелері және т. б. туралы заңдар маңызды.

Еске салайық, бүгін Парламент депутаттары қыркүйек айына дейінгі дәстүрлі демалысқа шықты.