ҚТЖ мен DP World компаниялары арасында ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Премьер-министр Асқар Мамин БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі министрі Марьям әл Мухейримен кездесті

Фото: primeminister.kz

Кездесуге БАӘ-нің Al Dahra Holding, DP World, Fish Farm және т. б. Ірі бизнес өкілдері қатысты. Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіп, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

2021 жылдың 4 айында ҚР мен БАӘ арасындағы өзара тауар айналымы $276 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13,1%-ға артық. Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт көлемі 38,7%-ға артып, $247,8 млн жетті. 2020 жылы қаржы және капитал нарықтарының бұрын-соңды болмаған қысқаруына қарамастан, БАӘ-ден Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 12,3%-ға артып, $181,7 млн құрады.

ҚР Премьер-министрі БАӘ үкіметінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударатынын ескере отырып, ынтымақтастықтың басым бағыты АӨК саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру екенін атап өтті. Үкімет басшысы Қазақстан әлемдегі ең перспективалы АӨК өнімдерін өндірушілердің бірі екенін атап өтті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша The Economist Intelligence Unit рейтингінде Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі бойынша 113 орынның ішінен 32-орын иеленіп, 2019 жылмен салыстырғанда өз позициясын 16 тармаққа жақсартты.

ҚР мен БАӘ бірлескен инвестициялық жобалары қосылған құны жоғары, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерінде зор сұраныс әлеуеті бар жаңа өндірістерді құруды көздейді. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға, озық технологиялар мен іс-тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҚР БАӘ жүзеге асырып жатқан 2051 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігі Стратегиясының маңызды буынына айналады, ал бұл екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ықпал етеді.

БАӘ делегациясының ҚР-ға сапары нәтижесінде құс фабрикаларын (Alel Agro және Al Dahra Holding), сүт-тауар фермаларын (Dinara Group және Al Dahra Holding) салу, сиыр және қой етін өндіру (Nurym Group және Al Dahra Holding), жемістерді өндіру және қайта өңдеу (Amal Bio және Al Dahra Holding), балық өсіру және қайта өңдеу (Fish Farm), астық дақылдарын өндіру және қайта өңдеу («Olzha Agro» және Al Dahra Holding) тәрізді бағыттар бойынша жобаларды дайындау және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚТЖ АҚ мен DP World компаниясы арасында Қазақстанның жүк ағынын арттыру және көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы ынтымақтастықты көздейтін ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды.