Келесі отырыс маусым айында өтеді
24-28 мамырда Ташкент қаласында Қазақстан-Өзбекстан бірлескен демаркациялық комиссиясындағы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтік делегацияларының 83-ші отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын талқылау мен дайындауды жалғастырды. Келесі отырыс 2021 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасында жоспарлануда.
Еске сала кетейік, 25 мамырда ҚР Үкіметінің қаулысымен шекарадағы Бағыс және Хиебон елді мекендері Түркістан облысына қосылды. Қаулыға сәйкес, жалпы алаңы 795,62 гектар Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жері Түркістан облысының шекарасына қосылып, облыс шекарасы өзгерді.