Орденімен озғандар: 330 мың жәрдемақы алатын кавалер министр кім?

Автор: Azattyq Rýhy

Сапарбаевтың 5 ордені, Ермекбаевтың 13 медалі бар

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – елімізде марапат «жауып», әртүрлі санаттағы адамдардың кеудесіне жаңа бір төсбелгі тағылатын даталардың бірі.

Әрине, ұлттық мереке болған соң, өз саласында қажымай еңбек еткен адамға жаңа марапат - жаңа мотивация, жаңа атақ, кейде тіпті, жалақысына тәп-тәуір үстемақы болады.

Бүгін Azattyq Rýhy министрлер кабинетіндегі шенеуніктердің кеудесінде неше медаль, қандай мәртебесі барын жазып, материал ұсынады.

«Маминнің медальдары»

Атақтың да атағы бар демекші, Қазақстандағы марапаттардың арасында жоғары дәрежелі үшін 130 АЕК-тен бастап (қазіргі есеп бойынша – 331 мың 500 теңге), 6 (13 мың 500 теңге) АЕК-ке дейін қосымша үстемақы төленетін ордендер бар. Және Үкіметте осы үстемақылардың бірін алып отырған жалғыз министр жүр.  Оның кім екенін материалдың соңына қарай жазамыз. Онымен қоса, бір де бір мемлекеттік марапаты жоқ екі министрдің кім екенін айтамыз.

Премьер-министр Асқар Маминнің осы уақытқа дейін алған атақтарына ақша төленбесе де,  ірілі-ұсақты 14 марапаты бар. Олардың сегізі – Қазақстандағы медальдар болса, алтауы – шетелдік. Асқар Мамин «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, «Құрмет» орден мен екінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің кавалері. Бұл  мемлекеттік дәрежедегі төсбелгілерінен басқа, елорданың 10, 20 жылдарына орай берілетін медальдармен, шетелдік елшіліктердің Достық медалдарымен, және мамандығына орай, «Құрметті теміржолшы», «Құрметті құрлысшы» сияқты төсбелгілері бар.

Орден таққан орынбасарлар

Премьер-министрдің орынбасарлары арасында марапаты көп, жасы да үлкені Бердібек Сапарбаев. Саяси салмағы да ауыры Сапарбаевтың 11 атағы, оның ішінде 5 орден мен, 6 медалі бар. Өмірін мемлекеттік және саяси қызметке арнап келе жатқан ол «Отан», «Парасат», «Құрмет», бірінші дәрежелі «Барыс», «Достық» ордендерімен марапатталған.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смаиловтың алты марапаты бар. Бірақ, ол орденсіз.  Тағы бір орынбасар Роман Склярдың 4 төсбелгісі бар.

«Оң кеудемде – он медаль, сол кеудемде – он медаль...»

Министрлердің арасында атақ-дәрежесі ең көп адам – Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. Оның бас-аяғы 15 орден-медалі бар. 1963 жылы туған Нұрлан Ермекбаев 2018 жылдан бері қорғаныс министрі лауазымында отыр.

Он бес медалдың арасында  бетке ұстары – «Құрмет» және «Парасат» ордендері. Қалғаны, көбіне әскерилерге берілетін төсбелгілер. Мәселен, «Әскери барлаудың 100 жылдығы», «Ангола. Шиеленіске қатысушы» медалі, жалпы,  Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің дамуына қосқан үлес үшін берілетін әртүрлі медальдар.

Әріптестері Нұрлан Ермбекбаевты медаль жағынан оза алмай отырса да, министрлер кабинетінде тер төгіп жүрген өзге шенеуніктер де медальдан құр алақанбыз дей алмайды. Мәселен,

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың – 3 ордені, 3 медалі;

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың – 2 ордені, 5 медалі бар;

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың – 2 ордені, 5 медалі;

 Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың – 1 ордені, 6 медалі;

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің – 1 ордені, 4 медалі;

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың -1 ордені, 1 медалі;

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің – 1 ордені, 3 медалі;

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың – 1 ордені;

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің – 6 медалі;

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің – 2 медалі, 2 ордені бар.

Айтпақшы, Үкіметте бір де бір мемлекеттік атағы мен медалі жоқ әлгі екі министр кім десеңіз, бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, екіншісі – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мемлекеттен жәрдемақы алатын министр  

Министрлер кабинетінде әртүрлі қызмет жылдарында саусақпен санарлық қана марапат алған шенеуніктер бар. Ол – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Әділет министрі Марат Бекетаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.  Дәурен Абаев пен Марат Бекетаевтың алып отырған медалдары бірдей: «Құрмет», «Парасат» ордендерінің кавалерлері, «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалінің иелері.

Ал, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың медальдар саны аз болса да, сапасы әлдеқайда жоғары. Ол І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің тұтас кавалері, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, І дәрежелі «Қайсар» белгілерімен марапатталған.

ҚР Заңына сәйкес, үш дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлеріне, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрмет атағын 130 АЕК арнайы жәрдемақы төленетінін ескерсек, Ерлан Тұрғымбаев министрдің жалақысына қазір қосымша 330 мың теңге жәрдемақы алып жүр.

«Даңқ» кавалері «Батыр анадан» 20 есе көп жәрдемақы алады

Жалпы, Қазақстанда жоғары дәрежелі ерекшелік белгілеріне, «Отан» ордені немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне лайықты азаматтарды марапаттау туралы ҚР Үкіметімен құрылған ҚР Даңқ кітабында жазу жазылады. Ал, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Отбасы мүшелерімен бірге тұрғын үй шығындарын төлеу үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналарға жергілікті бюджет есебінен жеңілдіктер белгіленуі мүмкін.

Бұдан өзге, министр Тұрғымбаевта бар үш дәрежелі Даңқ орденінің кавалерлеріне, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрмет атағын 130 АЕК;

 үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне - 9 АЕК;

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға  - 6 АЕК жәрдемақы төленеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан