Сенатта Еуразиялық экономикалық одақ туралы заң жобасы талқыланды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ережелер кедендік баждарды төлеу кезіндегі уақыт шығынын азайтуға көмектеспек

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжат ЕАЭО және Қазақстан Кеден кодекстеріндегі кедендік әкелу, арнаулы және демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу есебіне аванстық төлемдерді есепке алу мүмкіндігі жөніндегі ережелерін орындауға бағытталған.

Сенат депутаты Бақтыбай Шелпеков заң жобасында аванстық төлемдерді кедендік әкелу, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне есепке алу мүмкіндігін белгілеу және осындай төлемдерді бюджетке есептеу тәртібі мен мерзімін айқындау сияқты өзгерістер көзделгенін атап өтті.

«Бұл ережелер кедендік баждарды төлеу кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың уақыт шығындарын азайтуға және оларды басқаруды жеңілдетуге көмектесетіні анық», - деді сенатор.